ЛУДОМАНИЯ ТУРАСЫНДА КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНЕ КЕҢІНЕН АҚПАРАТ БЕРІЛДІ
Қазіргі уақытта құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру – жергілікті мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының негізгі міндеті.
Тақырыпты тарқатпас бұрын, құқықбұзушылыққа себеп болар теріс әдеттер турасында ашып айтайық. Жасыратыны жоқ, бүгінгідей жаһандану дәуірінде ақпарат алапат күшке ие болған. Айшылық алыс жердегі адаммен санаулы секундта ғана тілдесуге болады. Мұның тиімді тұстарымен қатар, келтірер зияны да бар. Бүгінде ғаламтордың көмегі арқылы түрлі теріс әдет кеңінен насихаттала бастады. Ол ғана емес, құмар ойын, нашақорлық, алкоголь мен темекіге әуестік те кең етек жайып бара жатыр. Сондықтан оның алдын алу бағытында қыруар іс қолға алынған. Мәселен, жуырда Сарыағаш ауданында орналасқан Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі студенттерімен лудомания, ойынқұмарлықтың алдын алу, деструктивті жат ағымға қарсы күрес, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша дөңгелек үстел болып өтті. Шараның басты мақсаты — қоғамның өзекті мәселесіне назар аударту, жастар арасындағы ойынқұмарлық пен бәс тігу тәуелділіктерінің алдын алу, құмар ойынға апару себебін айтып, салдарымен күресу. Кездесуде жастар арасындағы белең алып жатқан мәселелер, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құмар ойынның зияны және саналы тұлға болып қалыптасудағы құндылықтардың маңызы туралы кеңірек айтылды.
Спикерлер лудоманияның халықаралық деңгейде ауру ретінде тіркелгенін тілге тиек етті. Олардың айтуынша, құмар ойнаушылар ақша үшін қылмысқа дейін барады. Жұмыс орындарында ұрлық, алаяқтық жасауы мүмкін. Таныстары сенгіштігінен олардың атына көлік пен мүлкін қайта рәсімдейді. Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады. Ақыр аяғында көңілсіздік фазасына келіп тіреліп, туған-туыстармен қарым-қатынасы нашарлап, отбасынан айырылады. Ойынға құмарлығы тоқтамаса, қылмыстық жолмен қаражат табу схемасы ойластырыла бастайды. Дер кезінде ем-дом шараларын бастамаса, дерт соңғы кезеңге жетеді. Яғни, шарасыздық фазасында науқас алкологизм, наркомания дертін қосып қана қоймай, қамаққа алынып, өз-өзіне қол жұмсайтындай халге жетеді. Сондықтан ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп, мәселенің алдын алудың маңызы айрықша.