ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Бүгінде интернеттің кең қолданысқа енуімен қоғам өмірі біршама жеңілдеді. Сонымен қатар адам баласын шыңырауға тартатын, түрлі қылмысқа бастайтын қауіпті әрекеттер де кеңінен насихаттала бастады. Осының салдарынан ғасырларға созылып, тамыры тереңдеп келе жатқан отбасы институты құрдымға кетіп барады.
Мұндай кеселді әрекеттің бірі – құмар ойындары. Бүгінде оңай олжа тапқысы келген талай жанның шаңырағынан тыныштық кетті. Қарызға батып, айналасына берешегі көбейгендердің біразы қылмысқа барып, алаяқтық істеп, заңнан аттап жүр. Бұл – көкейтесті мәселе. Сондықтан мұндай өзекті мәселемен күресте құқық қорғау органдары айрықша белсенділік танытып отыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі тапсырмасымен өңірлердегі білім ұйымдарында кәмелетке толмағандардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен қауіпсіздік сабақтарын өткізу ұсынылған болатын. Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы» инспекторлары бірлесіп, облыс орталығындағы бірқатар мектептерде іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, Ш.Ниязов, Ө.Жәнібеков атындағы мектептердің 8-11 сынып оқушыларына «Оқушыларының қауіпсіздік шаралары» тақырыбында жиналыс өтті. Жиында полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздік, электр самокаттары мен электр көліктерін пайдалану талаптары, жасөспірімдердің қылмыстың құрбаны болмау шаралары, жазғы демалыс уақытында суға шомылудың ережелері, лудоманияның зияндылығы туралы кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ көшеде, үйде және қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтау мәселесі, оқушылар арасындағы қудалау – буллинг, кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлық мәселесі, төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға арнайы дәріс өткізілді.
Полиция капитаны Б.Ташимов облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың статистикасына тоқталып, алдын алу, болдырмау мәселелеріне тоқталды. Оған қоса, жасөспірімдерге түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүрмеулерін ескертті. Мектептің ішкі және сыртқы тәртібін сақтап, бос уақытты тиімді пайдалану керегін алға тартты. Сонымен қатар полиция каптитаны өз сөзінде «Соңғы екі жарым жылда елімізде шамамен әрбір бесінші адамның құмар ойынға қатысы бары анықталған. Оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған. Сондықтан да бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы көтеріп, тиісті тапсырмаларды берген болатын. Жасыратыны жоқ, әлеумет үшін бұл таңсық тақырып емес. Мәжіліс депутаттары соңғы бірнеше жыл ішінде талай рет көтерді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесін де жариялап келеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық адам үшінші адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен» дей келе, мұндай теріс әдеттен сақтану керегін ескертті. Іс-шара соңында полиция қызметкерлері бейнероликтер ұсынып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.