2023 ЖЫЛЫ ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ 5,1 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Өткен жылы елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар бастамалар көтерілді. Сонымен қатар мемлекетаралық маңызды келісімдерге қол қойылды. Еліміз батыс пен шығыстың түйіскен тұсында орналасқандықтан, бұл артықшылықты іс жүзінде пайдалану көзделіп отыр. Жүзеге асырылып жатқан жемісті жұмыстар аз емес. Ал көрсеткіштер не дейді?

Ресми дерекке сүйенсек, 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өсті. Бұл туралы Мәжілісте 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін баяндаған қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты. Бұл көрсеткіш мақұлданған болжамды мәннен 1,1 пайыздық тармаққа жоғары. Мұндай жоғары көрсеткішке себеп болған салалар бар. Олар — өңдеу өнеркәсібінің ұлғайғаны, құрылыс саласындағы және сауда-саттықтағы жетістіктер, көлік саласындағы қызметтер көлемінің өскені, көтерме және бөлшек саудада сату қарқынының ұлғаюы. Тағы бір атап өтетін көрсеткіш – ол негізгі капиталға инвестициялар көлемінің артуы.
Сонымен қатар вице-министр әлеуметтік төлемдерге қатысты деректерді де келтірді. Оған сенсек, мүгедектігі және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері екі рет, атап айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан 8,5 пайызға, ал 1 шілдеден 14,5 пайызға өскен. Өткен жылдың 1 қаңтардан бастап балалары бар отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 8,5 пайызға артқан. Ал инфляция деңгейі 9,8 пайызды құраған.

«Уақыт».