БАСПАНА БАҒАСЫ АЙ САЙЫН ӨСІП БАРАДЫ

жөнсіз өскен баға қашан жүгенделеді?

Бүгінде елімізде басында баспанасы жоқ азаматтардың қатары қалың. Түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алғысы келгенімен, көп адамның айлығы шайлығына жетпей жатады. Бұл ғана емес, табыс көзін растай алмай, қала берді қаржы жинай алмай жатқан жандардың мәселесін тұрғын үй бағасының өсуі сынды түйткіл ушықтыра түсуде. Осы орайда, бүгінгі материалымызда елдегі тұрғын үй нарығы мен негізгі тенденцияларды саралауға тырысып көрмекпіз.

Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда үй сатып алуға қатысты мәмілелер саны айтарлықтай артқан. Нақтырағы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны сәуірде 18,4 пайызға өскен. Бір қызығы, елімізде жер үй сатып алуды қалайтындардың қатары күрт артқан. Көрсеткіштерге сенсек, біз сөз етіп отырған уақыт ішінде барлығы 7830 үй сатылған. Баға да өскен. Мәселен, өткен айда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1,6 пайызға, пәтерлерді қайта сату бағалары 0,1 пайызға артқан. Өңірлерге ойыссақ, жылдық мәнде бағаның өсуі 9,5 пайыздық көрсеткішпен Ақтөбеде, 7,1 пайызбен Қызылодада тіркелген. Ал қолданыстағы пәтерлердің бағасы Атырау мен Жезқазғанда айрықша өскен. Өсім қос өңірде 12,2 және 7,1 пайыз төңірегінде. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалға алу бағасы да бірқатар өңірлерде артып шыға келген. Мәселен, Жезқазғанда баға 23,4, Қарағандыда 23 және Атырауда 21 пайызға қымбаттаған.
Жалпы 2024 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 248 мәміле тіркелген. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғыша Астана және Алматы қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы көш бастап тұр. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысына тиесілі. Жалпы тұрғын үй сатып алу немесе сату саны еліміздің басым бөлігінде көбейген. Тек бұдан біраз уақыт бұрын зілзала әлеуметті әлекке салған Алматы қаласында кеміп кеткен. Бұл ғана емес, 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 12,5 пайызға немесе 2 603 мәмілеге артты. 2024 жылдың сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 23 418 мәміле жасалды. Бұл мәмілелердің жалпы санының 74,9 пайызына тең. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана, Алматы қалаларына және Қарағанды облысына тиесілі. Бір қызығы, 2024 жылдың наурыз айымен салыстырғанда, 2024 жылдың сәуірінде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 40,5 пайызға немесе 2 256 мәмілеге өскен. Сәуірде ағымдағы жылдың басынан бастап ең көп мәміле тіркелді. Жалпы саны – 7 830. Демек елімізде пәтерде тұрғаннан гөрі жер үйді сатып алуды құп көретіндердің қатары қалыңдап келеді. Мұның бір ұшы еліміздің ең ірі қаласы Алматыда орын алған зілзалаға келіп тірелуі мүмкін. Себебі дәл сол оқиғадан кейін жер үйді сатып алу бойынша сұраныс күрт артып, баға жоғарылаған болатын. Қарап отырсақ, осы бір тенденция бағаның өсуіне себепші болып отыр.
Қорыта айтсақ, елдегі баға ырыққа көнер емес. Бұрындары өсім Алматы мен Астана қаласында айрықша байқалса, қазір басқа қалалар да бұл қатарға қосылған. Демек жыл өткен сайын халықтың баспана алу мақсаты арманға айналып келе жатқан тәрізді. Қош делік, бағаның қымбаттығын бұдан біраз уақыт бұрын құрылыс компаниялары құрылыс материалдарына әкеп тірейтін. Бүгінде ол олқылықтың да орны толып жатыр. Әйткенмен баға өсу үстіне өсіп барады. Енді шенділер қандай себепті алға тартар екен? Бұл сұрақтың әзірге басы ашық сияқты…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.