ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕНДЕР ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

Елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Оның ішінде Түркістан қаласында аталған саланы ілгерілету бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Тарқата баяндайтын болсақ, шаһар аумағында бірқатар спорттық нысандар бой көтерді. Кәсіби бапкерлерге жағдай жасалып келеді. Осының арқасында түркістандық спортшылар түрлі республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін, нақты мысалдарды келтірейік.

Жуырда түркістандық жас спортшылар бокстан Қостанай қаласында өткен халықаралық турнирден жарқын жеңіспен оралды. Бокстан Еуропа кубогының жеңімпазы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Сеулдегі ХХIV Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Мирошниченконы еске алуға арналған бәйгеде 15-16 жас аралығындағы спортшылар бақ сынады. Онда еліміздің 17 облысынан және Ресей, Қырғызстан мен Ирак елдерінен келген 400-ге жуық спортшы жүлделі орындарды сарапқа салды.
Жарыс қорытындысымен түркістандық Отжан Сырым (57-кг) мен Мейрамхан Ерасыл (52) 1-орынды иеленсе, 50 кг салмақта өнер көрсеткен Әутен Сұңқар, 75 кг салмақта Ихтияр Алиддинов 3-орынға жайғасты. Ал ең ауыр салмақта Аян Дүйсенбай (+80 кг) 3-орынды жеңіп алды.