ТҮРКІСТАНДА БІРНЕШЕ ТУРИСТІК НЫСАН БОЙ КӨТЕРЕДІ

Тарихы тереңнен бастау алатын Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны артып келеді. Сәйкесінше, қалада туристерге қызмет көрсету сапасы да жоғарылаған. Бұл ғана емес, алдағы уақытта облыс орталығы жаңа туристік нысандармен толыға түспек. Ал олардың құрылысы сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана қолға алынады. Бұл ғана емес, жаңадан бой көтеретін ғимараттар мен инвестициялық жобалар қаланың бас жоспарына сай жүзеге асуы тиіс. Одан ауытқуға, өзгертуге болмайды. Өйткені бұл шаһардың көркіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Бүгінде қала аумағында жұмысына салғырт қараған мердігерлермен тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттен жер алып, жарты жолдан құрылысын аяқтай алмай отырғандар қалада да бар. Сәйкесінше, оларға нысанды кесте бойынша тапсыру міндеті қойылып отыр. Ең бастысы, Түркістан қаласында салынатын ғимараттардан шығыс және ұлттық сәулет нақыштары көрініс табуы тиіс. Бұл да — басты талаптардың бірі.
Алдағы уақытта Түркістан қаласында бірқатар туристік нысандар бой көтереді. Олардың басым бөлігі Әкімшілік-іскерлік орталығында орналаспақ. Мәдени-рухани орталығында орналасқан Өнер мұражайы мен Қолөнершілер орталығының ішкі көрінісінің жобасы талқыланып, бүгінде тиісті ескертпелер берілген. Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың орталығында бой көтеретін жаңа қалашықтың жобасы да ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында салынып жатқан қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешенде ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханалары салынады. Мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту және мәдениет пен мұраны сақтап қалу.