СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМЕДИЯЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы шаһардағы сан түрлі саланың даму қарқыны жеделдеді. Ол қатарда мәдениет те бар. Қазіргі уақытта түркістандық мәдени орталықтар түрлі халықаралық деңгейде өткен шараларда топ жарып, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп жүр. Әрине, бұл үрдіске қалалық әкімдік тарапынан жасалып жатқан игі бастамалардың әсері мол. Бүгінгі таңда тарихи қаланы мәдени орталыққа айналдыру бастамасы да сәтті жүзеге асып келеді. Ел деңгейінде түркістандық таланттар мойындалып жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Көкшетау қаласында Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдық мерейтойы аясында «Сәлем» ІІ Халықаралық комедиялық театр фестивалі өткен болатын. Аталған фестивальге Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан елдерінің беделді театрлары қатысты. Мұндай маңызы зор шараның жоғары деңгейде өтуіне түркістандық өнер саласының майталмандары да үлес қосты. Тарқата баяндасақ, тарихи қаладан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры қатысып қайтқан еді. 4-5 мамыр аралығында өткен байқауда түркістандық өнер ұжымы Э.Макашеваның аудармасындағы А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясын сахналады. Фестиваль қорытындысы бойынша Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Қасымовтың жоба жетекшілігімен, Н.Ізтаевтың сахналауымен қойылған спектакль «Қазылар алқасының арнайы жүлдесімен» марапатталды.
Айта кетуіміз керек, соңғы уақытта түркістандық өнер және мәдениет ұжымдары өңірлерге барып, түрлі жанрдағы спектакльдерді сахналап жүр. Бұл қаланың мәдениет саласына қосып жатқан үлесін айғақтайды. Сонымен қатар тарихи қаланың тағы бір тынысын ашып, мәдени орталық екенін дәлелдейді.