ТАРИХИ ҚАЛАНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Түркістан қаласының туристік әлеуеті уақыт өткен сайын арта түсуде. Бүгінде шаһар аумағында саяхатшылар мен қала қонақтарына арналған нысандардың қатары көбейіп келеді. Десе де мұнымен туристерді тарту шараларының шектелмейтіні белгілі. Сондықтан түрлі халықаралық деңгейде өтетін шараларда қаланың туристік әлеуеті таныстырылып келе жатыр.

Мәселен, жуырда ғана өткен Алматы қаласындағы «Атакент» көрме орталығында «KITF-2024» халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесінде Түркістан өңірінің туристік әлеуеті таныстырылды. Бұл көрмеге әлемнің 28 елінен 406 компания қатысты. Шарада «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы және өңірде орналасқан қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс аймақтары, туристік компания өкілдері өз қызметтері жайлы мәліметтерді ұсынды. Делегация Түркістанға туристерді тарту бойынша түрлі әуекомпаниялар мен туристік бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Іс-шара аясында «TREND ZONE: тартымды нүктелер» тақырыбымен іскерлік бағдарламасы мен «Алға, Қазақстан!: Туризмді дамыту құралдары» пленарлық отырысы өткенін айрықша айта кету керек. Жиында тәжірибелі спикерлер туризм саласындағы маңызды әрі өзекті мәселелер, трендтер жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, «KITF» – 2001 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан танымал алаң. Оған жыл сайын Әзірбайжан, Беларусь, Вьетнам, Грузия, Грекия, Египет, Италия, Үндістан, Қазақстан, Катар, Қытай, Қырғызстан, Куба, Малайзия, Мальдив аралдары, БАӘ, Ресей, Румыния, Словения, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Хорватия, Черногория, Чехия, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония секілді туризмі дамыған елдер қызығушылық танытып қатысады.