СІБІР ЖАРАСЫНЫҢ 10 ОШАҒЫ ҚАРҒЫН СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

өлексе өлімге себепші
болмай ма?

Биыл еліміздің басым бөлігі тасқын судан зардап шекті. Қаншама тұрғынның баспанасы қызыл судың астында қалды. Бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Дегенмен қауіптің беті қайтты деуге әлі де ерте. Өйткені бірқатар өңірлерде өзен суы әлі де көтерілуі мүмкін. Бұл ғана емес, судың беті қайтқан аймақтарда тағы да түйткілді мәселелер туындауы ғажап емес. Өйткені қазіргі уақытта су тартылғаннан кейін көзге көріне бастаған өлекселерді санап, шығынды есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Дәл осы іспен айналысып жатқан мамандар мен тұрғындар аса сақ болмаса, ауру жұқтыруы мүмкін. Мұны сала мамандары растап отыр. Тарқатайық…

Елдің енжарлық танытуына әсте болмайды. Өйткені бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде аса қауіпті сібір жарасының 10 ошағы қарғын судың астында қалғанын мәлімдеген болатын. Бұл ғана емес, су шайған өңірлерде кәріздер де, эпидемиологиялық қаупі бар орындар да, ескі мола мен қорымдар да бар. Демек бұл орындардың маңы әлі де аса қауіпті. Сақтануды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Ерлан Тасболатов өз сөзінде «Еліміздің су басқан 3 облысында 10 сібір жарасы ауруының көмілген орны бар. Барлық учаскелерден топырақ сынамаларын алу үшін ветеринария және медицина мамандарынан тұратын арнайы жұмыс топтары жіберілді. Әрбір сынама бойынша Республикалық ветеринариялық зертханада және Ұлттық ветеринариялық референттік орталықта ПТР және бактериологиялық зерттеулер жүргізілуде. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша, сібір жарасының болуы анықталмады. Яғни жер бетіне сібір жарасының спораларының шығуы болған жоқ, эпизоотиялық жағдай тұрақты. Сондай-ақ барлық өңірлерде сібір жарасы, қарасан, аусыл және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы жоспарлы егу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді» деген болатын.
Мамандардың сөзінше, сібір жарасы әуелі малға, одан кейін сол малдың сүтін ішіп, етін жеген адамдарға жұғады. Жауапты министрліктің мамандары бұл аурудың адамнан адамға жұқпайтынын айтады. Сондықтан елді дүрліктіруге, жалған ақпарат таратуға болмайды деген пікірді алға тартып отыр. Бұдан бөлек, қарғын судың астында қалған аймақтардағы топырақ пен судан сынамалар алынып, тексерілуде. Әзірге қандай да бір жұқпалы ауру анықталған жоқ. Өйткені су астында қалған ауру ошақтары ерекше жағдайда барлық талаптарды орындау арқылы көмілген екен.
Ауру ошақтарынан келер қауіп жоқ дегенімен, өлекселердің әлі де көп екенін ұмытпауымыз керек. Төрт түлікті былай қойғанда, ен далада еркін көшкен киіктерді де қызыл су айдап әкетті. «Уральская неделя» басылымының жазуынша, 12 сәуірде Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылының тұрғындары бір мыңнан астам киіктің қырылғанын хабарлаған. Бұл – бізге белгілі бір ғана дерек. Әлі қаншама жануардың су астында жатқаны белгісіз. Сондықтан да жер құрғамайынша, өлексені санап, әлдебір шара көру мүмкін емес. Әйткенмен Үкіметтің тікелей тапсырмасы аясында жауапты министрлік жағдайды бақылауда ұстауға тырысып жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, 7 мыңнан астам өлексе анықталған. Олардың басым бөлігі – ұсақ мал. Мұны тектен текке жазып отырғанымыз жоқ. Себебі өлекседен суға сан түрлі инфекция тарауы ғажап емес. Әдетте мұндай жерлерде А вирустық гепатиті, ішек инфекциялары, асқазан өт жолдарының аурулары сияқты жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан да шығынды есептеу үшін малының өлексесін іздеп, құжатын түгендемек болған ағайын осы бір мәселеге аса назар аударуы тиіс. Мұны сала мамандары да ескертіп отыр.
Қорыта айтқанда, қызыл судың беті қайтса да, аймақтағы ағайынның арқаны кеңге салуына әсте болмайды. Өйткені өлекседен келетін қауіп әлі де бар. Ал біздің көп жағдайда қарапайым қауіпсіздік шараларына мән бере бермейтініміз белгілі. Мұндай аса қауіпті аурулармен күресуде ел тұрғындарын былай қойғанда, зерттейтін сала мамандарына да сақтық ауадай қажет. Әйтпесе арты орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ