ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ 5,1 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН
Соңғы уақытта елімізде отандық өнімді дамытуға қатысты бірқатар батыл бастамалар көтеріліп келеді. Әсіресе, импортты алмастыратын өнімдерді қолдау шаралары қарқын алған. Осының арқасында кәсібін бастап немесе кеңейтіп жатқан бизнес өкілдері бар. Нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің көлемі өсе түсуде.
Жуырда ҚР Ұлттық статистика бюросы елімізде нақты мәнде жалпы ішкі өнім алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға өскенін мәлімдеді. Алдын ала дерек бойынша 2023 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 120,5 трлн теңгені құраған. Ең жоғары өсім көрсеткен салалардың қатарына 13,3 пайызбен құрылыс, 11,3 пайызбен көтермен және бөлшек сауда, автомобиль мен мотоцикл жөндеу, 7,5 пайызбен ақпарат және байланыс, 7,1 пайызбен көлік және қойма, 5,4 пайызбен тұру және тамақтану қызметтерін ұсыну және 4,6 пайызбен тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу кіріп отыр.
Соңғы деректер бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2023 жылда 13 276,7 АҚШ долларын құраған. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде шикізатты терең өңдеу ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін шетелдік инвесторларды тарту көзделген. Жоспар сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта отандық өндірістің көлемі артып, салмағы ауырлай түспек.
«Уақыт».