ЕРКІНДІКПЕН ЕЛГЕ ОРАЛҒАН ҚАНДАСТАР

жыл басынан бері
4 мыңнан астам этникалық қазақ атамекенге көшіп келді

Тарихтың бұлыңғыр һәм буалдыр кезеңдерінде елден үдере көшіп, шетке кеткен қазақ көп. Десе де түрлі саяси қысым салдарынан өзге елдерде ғұмыр кешуге мәжбүр болған қандастар тәуелсіздік жылдары ішінде атамекенге қайта оралып, туған жерге табан тіреді. Ресми дерекке сүйенсек, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 132,7 мың этникалық қазақ оралған. Бұл көш әлі де жалғасып жатыр. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жыл басынан бері 4 351 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы, нақтырағы 51,1 пайызы Қытайдан, 31,9 пайызы Өзбекстаннан, 6,4 пайызы Түрікменстаннан, 5,4 пайызы Моңғолиядан, 3,7 пайызы Ресейден және 1,5 пайызы басқа да елдерден келген. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кішісі 31,7 пайызды және зейнеткерлер 9,2 пайызды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9 пайызы жоғары білімді, 21,5 пайызы орта кәсіби білімді, 55,5 пайызы жалпы орта білімді болса, 5,1 пайызының білімі жоқ. Атамекенге оралған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Десе де жауапты министрлік тарапынан еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Яғни мұндай аймақтарға барған қандастарда жұмысқа орналасу мәселе болмайды. Ол өңірлер қатарына Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. Аталған қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бұл аймақтарға 1381 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Яғни бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК немесе 258,4 мың теңге мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ге немесе 55,3 мың теңгеден 110,7 мың теңгеге дейінгі мөлшерде көмек беріледі. Жыл басынан бері 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде 368 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Ж.БАЛАУСА.