ДАНИЯ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ӘСКЕРГЕ БАРУЫН МІНДЕТТЕУГЕ НИЕТТІ

Соңғы уақытта әлемдік геосаясат күрт өзгерді. Еуропада соғыс өрті тұтанды. Таяу Шығыстағы жағдай да мәз емес. Қаншама тұрғын елінен үдере көшіп, босқын болуда. Осы тұста бірқатар елдер қорғаныс саласына айрықша назар аудара бастады. Ол қатарда қарт құрлықтағы елдер де бар. Тарихқа шегінсек, мемлекеттердің жаппай қарулануы жақсылыққа әкелмейді. Әйтсе де «бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» принципі тағы бар. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ…

Жуырда Дания премьер-министрі Метте Фредериксен үкіметтің армиядағы жастар санын арттырып, әйелдерді әскерге шақыруды міндеттеуді қалайтынын мәлімдеді. Бүгінде әйелдердің әскерге бару-бармауы өз еркінде. Euronews мәліметінше, Дания үкіметі әйелдер үшін міндетті әскери қызметті енгізуді жоспарлап отыр. Премьер-министр Метте Фредериксен алдағы бес жылда қорғаныс шығындарын қырық миллиард даниялық кронға арттыруды көздейтін жоспарды таныстыру аясында тиісті мәлімдеме жасады. «Біз толық гендерлік теңдікті ұсынамыз. Данияда бәрі тең деп мақтанғанды ұнатамыз. Бірақ бүгінде даниялық ер адамдар ғана Қарулы Күштер күніне қатысуға міндетті. Әйелдердің тіркелу мүмкіндігі бар және кейін әскерге шақырылады. Гендерлік теңдік қорғаныс саласын заманауи әрі әртүрлі бағытта дамытатынына күмәніміз жоқ» деді ол.
Сондай-ақ билік ерлер мен әйелдердің мерзімді қызмет мерзімін төрт айдан он бір айға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қош делік, Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталғалы бері еуропалық елдердің қорғаныс саласына айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұған дейін бірнеше мемлекет әскери салаға жұмсалатын қаржының көлемін арттыратынын мәлімдеген болатын. Әскери техниканы жаңарту бастамасын көтеріп отырған мемлекеттер де жоқ емес. Бұрындары құқық пен адам теңдігін, бостандығын, сонымен қатар бейбітшілікті насихаттайтын қарт құрлық елдерінің өзі жаппай қаруалана бастаса, мұның арты жақсылыққа алып келмеуі бек мүмкін.