МУМБАЙ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ КӨП МИЛЛИАРДЕР ТҰРАТЫН ҚАЛА АТАНДЫ

Үндістанның Мумбай қаласы Азиядағы жаңа «миллиардерлердің астанасы» атанды. Бұл туралы Шанхайдағы «Hurun» зерттеу институтының ақпаратына сүйене отырып, «Nikkei Asia» хабарлады. Ондағы дерекке сүйенсек, 92 миллиардері бар Мумбай Пекинді басып озып, Азиядағы ең көп миллиардер тұратын қала атанып отыр.

Институттың есебіне сәйкес, Нью-Йоркте 119 миллиардер болса, Лондонда олардың саны – 97. Мумбай 92 миллиардермен әлемде үшінші орында тұр. Айта кетейік, Үндістанда барлығы 271 миллиардер бар. Ал Мумбай экономикасы 2023 жылы 7,5 пайызға өскен. Елдер бойынша тізімде Қытай 814 миллиардермен көш бастап тұр, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 155 адамға аз.
Миллиардерлер саны бойынша Америка Құрама Штаттары 800 миллиардермен екінші орынға жайғасқан. Жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар салалары АҚШ экономикасында көшбасшыға айналды. АҚШ-тың чип өндірушісі Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг 48 миллиард доллар байлығымен үздік отыздыққа енді. Google, Meta және Microsoft иелерінің байлығы айтарлықтай өскен.