АҚШ-ТА ЕР АДАМҒА ШОШҚАНЫҢ БҮЙРЕГІ САЛЫНДЫ

Әлемде медицина саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемиядан кейін көптеген батыл қадамдар жасалып, саланың дамуына серпін беретін жаңалықтар ашылуда. Сәйкесінше, мұның өзіне денсаулық сақтау ісіндегі өзекті мәселелер себепші болып отыр. Мәселен, жыл сайын мыңдаған науқас донор күтіп, ауруханаларда жатады. Енді жуық арада бұл мәселе біршама шешілуі бек мүмкін. Тарқатайық…

АҚШ-та 62 жастағы ер адамға генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегі салынды. Хабарланғандай, ол отадан соң қалпына келіп, жақын арада ауруханадан шыға алады. Бұл туралы ВВС жазды. Америкалық хирургтар мұндай жаңашыл отаға келісім берген Рик Слэйманды нағыз батыр деп атады. Осы уақытқа дейін шошқаның бүйрегін адамға трансплантациялаудың сынақ жағдайлары 2022 жылы болған. Ол кезде бүйрек миы өлген науқасқа салынған. Слэйманға 16 наурызда Бостондағы «Massachusetts General» ауруханасында төрт сағаттық ота жасалды. Аурухана қызметкерлері отаның сәтті өткенін айтты. Адамның донорлық органдары мұқтаж адамдардың барлығына жеткіліксіз, сондықтан пациенттер трансплантация мүмкіндігін ұзақ күтеді. Ғалымдар жануарлардың, ең алдымен шошқалардың өзгертілген мүшелерін адамдарға трансплантациялау донорлық органдардың созылмалы тапшылығын жеңілдетеді деп үміттенеді. Бүйректен басқа, шошқа жүрегін трансплантациялаудың да тәжірибесі бар.
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында шошқа жүрегін трансплантациялаудың тәжірибесі турасында жазған едік. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта дамыған елдерде донор мәселесін шешу бойынша жануарлардың ағзасына тәжірибе жасалып келеді. Мұны әзірге саладағы мәселені толық шешеді деуге болмайды. Әйткенмен жақын жылдар ішінде денсаулық сақтау ісіндегі ірі жетістік ретінде жаппай жолға қойылуы мүмкін. Анығын уақыт көрсетеді…