ЕУРОПАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР GOOGLE-ДЫ СОТҚА БЕРДІ

Адам құқығы айрықша бағаланатын батыста соңғы уақытта цифрлық технологияға қатысты дау өрши бастады. Бұған дейін бірқатар әлеуметтік желілерге қатысты тергеу басталғанын жазған едік. Енді еуропалық компаниялар тағы бір даудың ұшын шығарып отыр. Нақтырағы, 32 еуропалық медиа компания Google-ге қарсы цифрлық жарнамаға қатысты сотқа шағым түсіріп, шамамен 2,1 миллиард еуро шығынды талап етті.

Google-ды сотқа берген компаниялардың арасында Bild, Die Welt, Business Insider, Politico және Fakt сияқты басылымдарға ие медиа алпауыт Schibsted және Axel Springer, сондай-ақ Аустрия, Бельгия, Болгария, Чехия, Дания, Финляндия, Венгрия, Люксембург, Нидерланды, Норвегия, Польша, Испания компаниялары бар. Шағымданушылардың пікірінше, егер Google өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланбаса, медиа компаниялар жарнамадан айтарлықтай жоғары табыс алып, жарнамалық техникалық қызметтер үшін төмен комиссиялар төлейтін еді. Google бұл айыптауларды жоққа шығарып, компания барлық баспагерлермен ынтымақтастықта екенін атап өтті.
Қош делік, батыс елдері әрбір технологияны адам өмірін жеңілдетеді деген сылтаумен қоғамға кеңінен насихаттай бермейді. Астарына үңіліп, нәтижесін салмақтап, сынап, талдап отырады. Бұл тұрғыдан келгенде бізбен салыстырғанда бәсі биік. Өршіген дауға қатысты қандай шешімнің шығары әзірге белгісіз. Әйткенмен еуропалық компаниялар артқа шегінбейтіндерін көрсетіп отыр. Осының өзі сот процесінің ұзаққа созыларын айқындап отырған тәрізді.