БРИТАНИЯДА 61 МЕКЕМЕ 4 КҮНДІК ЖҰМЫС АПТАСЫН СЫНАП КӨРДІ

Әлемде жұмыс күнін қысқарту мәселесі жиі көтеріле бастады. Бұған дейін бірқатар елдер бұл қадамға барған болатын. Енді оның қатары кеңейіп келеді. Нақтырағы, британиялық компаниялар 4 күндік еңбек аптасына көше бастады.

Эксперименталды жобаға 61 мекеме қатысқан. Олардың 89 пайызының аз жұмыс істеп, біраз шаруа тындыруға болатынына көзі жеткен. Қызметкерлері жалақыны толық көлемде алған. Күйзелістен арылып, жұмысқа деген құлшыныстары артқан. Нәтижесінде бизнес иелерінің табысы еселенді. Әрбір екінші фирма, яғни 51 пайызы эксперимент аяқталғаннан кейін 4 күндік кестеге біржолата көшіп отыр. Уақыт үнемдеген қызметкерлер отбасына және өзінің дамуына көңіл бөліп, еңбек өнімділігі артты дейді жұмыс берушілер. «Денсаулық жағдайына байланысты демалысқа шығатындардың саны азайды. Егер бұрын қатардағы қызметкер жылына 4-5 рет сырқаттанса, қазір 1-2 күн ғана ауыратын болды. Біз нәтижеге ризамыз» деді Корольдік биологиялық қоғамның атқарушы директоры Марк Даунс.
Қорыта айтқанда, жұмыс аптасын азайтуды кәсіпкерлік саладан бастаудың астарында ауқымды ой жатыр. Демек 4 күндік еңбек аптасы жемісті нәтижені беріп отыр. Алдағы уақытта аталған елдегі өзге де мекемелер дәл осы бастаманы қолдауы бек мүмкін.