АЭРОТАКСИ АЛҒАШ РЕТ ҚАЛААРАЛЫҚ РЕЙС ЖАСАДЫ

Әлемде күн сайын жаңа өнертабыстар патенттеліп жатады. Бұдан біршама уақыт бұрын ұшқышсыз аппараттар тек қиял болса, бүгінде кеңінен қолданысқа еніп жатыр. Оның ішінде ұрыс қаруларының қаншалықты бәсекеге қауқарлы екенін көріп, біліп отырмыз. Енді дәл осы ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар қарапайым өмірде де қолданысқа ене бастады. Тарқатайық…

Қытайда алғаш рет «AutoFlight» ұшқышсыз басқарылатын ұшағы екі қала арасына жолаушы тасымалдап көрді. Нақтырағы, «AutoFlight» компаниясының ұшағы жолаушыларды арақашықтығы 50 км болатын Шэньчжэннен Чжухай қаласына небәрі 20 минутта жеткізді. Ал егер дәл осы бағыттағы сапарды автокөлікпен еңсеретін болса 2-3 сағат уақыт кетеді екен. Аэротакси төрт жолаушыны 250 км қашықтыққа дейін жеткізуге қауқарлы. Ұшу жылдамдығы сағатына 200 км болуы мүмкін. Енді компания ақылы негізде қызмет көрсету үшін ұшуға рұқсат алуды жоспарлап отыр. Егер жоспары жүзеге асса, жылына Шэньчжэннен 300 мың рейс орындамақшы.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Қытайда адам өмірін жеңілдетуге ықпал ететін түрлі өнертабыс тіркелді. Мұның өзі аспанасты елінің әлемдік өркениет пен ғылымдағы орнын айшықтай түсуде. Қош делік, жаһанды аузына қаратқан алпауыт елде тағы талай ғылыми жетістіктің болары айқын. Онысын енді уақыттың еншісіне қалдырайық…