ЛАТИФУНДИСТЕРДЕН ҚАНША ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ?
Елімізде бұған дейін пайдаланылмай жатқан ауқымды жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бастамасы көтерілген болатын. Сәйкесінше, өңірлерде бұл бастама өз нәтижесін беріп, біраз жер мемлекет меншігіне өтті. Жалпы латифундистер еліміздің қай өңірлерінде көп шоғырланған? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді.
Ондағы дерекке сүйенсек, облыстың уәкілетті органдарының жер балансы бойынша жолдаған мәліметіне жасалған талдауға сәйкес, бір қолда бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің үлкен алаңдары — Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау облыстарына тиесілі. Ведомство мәліметінше, ірі жер учаскелерінің «бір қолда» шоғырлануын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылмаған және берілген жерлерді алып қою жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды. Осы комиссияның негізгі міндеті — мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту.
Комиссия пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жөніндегі жұмысты кәсіпкерлік нысанына қарамастан жүргізеді. «Бұл ретте, осы комиссия құрылған сәттен бастап өңірлер бөлінісінде жердің ірі меншік иелері мен жер пайдаланушылар бойынша одан әрі ұтымды және тиімді пайдалану жөніндегі тексеру іс-шараларын жүргізу үшін, сондай-ақ оларды беру кезінде жер заңнамасы нормаларының сақталуы тұрғысында талдау жасалып жатыр. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың басынан бастап 204 ірі субъектіден мемлекетке 4,4 млн га ауыл шаруашылығы жері немесе ел бойынша алынған барлық жерлердің 44%-ы қайтарылды. Бұдан бөлек, үлкен аумақтардың «бір қолда» көп шоғырлануын болдырмау мақсатында 2023 жылғы 25 қаңтарда жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекітуді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды» деп аталып өткен министрлік мәлімдемесінде.