ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕТ ӨНІМДЕРІ ЖАҢА НАРЫҚТАРҒА ШЫҒАДЫ

Соңғы уақытта елімізде аграрлық саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Сәйкесінше, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастап, саланың дамуына ықпал етіп жатқан қазақстандықтардың саны да көбейіп келеді. Осының әсерінен еліміздің экспорттық әлеуеті артып жатыр. Мәселен, алдағы уақытта Қазақстаннан Ресейге және Қытайға ет экспорттау көлемі артады.

Статистикаға сенсек, 2023 жылы ет экспорты 24,4 мың тоннаны құраған. Оның ішінде сиыр еті — 15,8 мың тонна, қой еті — 7,8 мың тонна. Отандық ет экспортының негізгі бағыттары — Өзбекстан, БАӘ, Қырғызстан, Иран, Кувейт. 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда құс еті экспортының 13,7 мың тоннадан 31,5 мың тоннаға дейін өскені байқалды. Экспорттың негізгі бағыттары — Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан. Қазір қазақстандық ет және ет өнімдерін өндірушілер өз өнімдерін ЕАЭО, ТМД елдерінің аумағына, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне, Қытайға, Жапонияға экспорттау мүмкіндігіне ие. Ведомство мәліметіне қарағанда, жақын арада ет өнімдерін өткізетін жаңа нарықтар пайда болады. Яғни Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа нарықтарын ашу үшін төмендегі бағыттарда ветеринарлық талаптарды келісу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Олар — Сингапур, Вьетнам, Малайзия, Гонконг. Сондай-ақ 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап Ресейге ет экспорты қалпына келді, бұл екі елдің Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында қол жеткен келіссөздің нәтижесі бойынша мүмкін болды.
Атап айтқанда, Ресейге төмендегі өнімдер экспортталады. Олар — сиыр еті, қой еті, шошқа еті, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ ет өнімдері. Бұдан басқа, 2024 жылғы 7 ақпаннан бастап Қазақстаннан Қытайға құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге шектеулер және аусыл бойынша бұрын қолданыста болған шектеулер алынып тасталды. Құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге тыйым салу 2005 жылдан бастап созылды, ал аусыл бойынша шектеулер 2022 жылы енгізілді. Шектеуді алып тастау еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлерінен Қытайға мұздатылған сиыр және шошқа етін, сондай-ақ құс шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымын экспорттауды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, енді Қазақстан экспорттық тауарлар желісін кеңейту бойынша ветеринарлық талаптарды келісу рәсімін, сондай-ақ Қазақстанның барлық аумағынан кәсіпорындарға экспорттауға рұқсат беру бойынша жұмысты бастай алады.