КЕЙІНГІ 7 ЖЫЛДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ 10 ЕСЕ ӨСКЕН

Соңғы уақыттарда заманауи технологияның қоғам өміріне дендеп енуімен қылмыс түрлерінің қатары да кеңейе түсті. Бүгінде әлеумет интернет алаяқтықтың зардабын шегіп отыр. Әп-сәтте картадағы ақшаны қалтаға басып, қарызға отырғызып кететіндермен күресу де қиын. Ресми мәліметке сүйенсек, кейінгі 7 жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық 10 еседен астам өсті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен талқылауда Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты.

Оның сөзінше, еліміздегі барлық киберқылмыстың 90 пайызын интернет-алаяқтық құрап отыр. Қазір осы қылмыстар барша әлемде кеңінен таралған, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласында дамыған елдер де қылмыстың бұл түрінен зардап шегіп жатыр. Мұндай қылмыстар былтыр тіркелген қылмыстардың жалпы санының 19 пайызын, алаяқтық қылмыстарының 50 пайызын құрады. Атап айтқанда, былтыр азаматтарға келтірілген шығын 21 миллиард теңгеге жетті. Ал осы жылы 3645 интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл көрсеткіш жалпы қылмыс санының 18 пайызын және барлық алаяқтықтың 43 пайызын құрады.
«Қабылданған шаралардың арқасында 4 мың интернет алаяқтық қылмысына қатысы бар 2 мыңға жуық адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Зардап шеккендерге 850 миллион теңге көлемінде шығын өтелді» деді министрдің орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, негізінен мұндай қылмыстар шетелден немесе шетелдік интернет ресурстарды пайдалану арқылы жасалады. Бұл ретте қылмыскерлер барынша өздерінің тұрғылықты жерін жасыруға тырысады. Нақтырағы, хакерлер өздерінің анонимділігін қамтамасыз ету үшін көбіне шет елдердің азаматтарын таңдайды. Мәселен, 2023 жылдың соңында Қазақстанда 4 алаяқтық Call-орталығы анықталды. Олардың қызметкерлері тек шетелдік нөмірлерге хабарласқан.