АЙЛА-ӘДІСТІҢ БӘРІ ТИІМДІ ЕМЕС

суға түскен смартфонды қалай кептіреміз?

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы мәселені тез әрі тиімді шешудің сан түрлі айла-әдісі тарап жатыр. Соның бірі — суға түскен смартфоннан суды шығару үшін күрішке салу. Дегенмен жуырда «Apple» қолданушыларды су болған смартфондарды күрішке салмауға шақырды, өйткені оның кішкентай бөлшектері құрылғының ішіне кіріп, зақымдауы мүмкін. Дұрысы — телефонды құрғақ жерде қалдыру.

Ғаламторда суға түскен телефонды күрішке салу керек деген танымал ақпарат бар және көп адам сол әдісті қолданып жатады. 2014 жылы электронды құрылғыларды жөндеу қызметі жүргізген зерттеу күріш ұялы телефонды кептіруге көмектеспейтінін көрсетті. Зерттеушілердің айтуынша, құрылғыны құрғақ жерде қалдыру — әлдеқайда тиімді.
Мұндай жағдайда «Apple» телефонды қуаттауға болмайтынын айтады, бірақ смартфонның артқы жағы құрғақ болса, сымсыз зарядтағышты пайдалануға болады. Егер «iPhone» суланса, ондағы артық сұйықтықты кетіру үшін қосатын жағын төмен қаратып қолыңызбен түртіп, құрғақ жерде қалдырыңыз. 30 минуттан кейін оны қайта қуаттауға болады.