МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ 7 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

Елімізде әлеуметтік салаға ауқымды қаржы бөлінеді. Мұның себебі де жоқ емес. Бүгінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар үшін де әлеуметтік қолдау шаралары бар. Соңғы ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар айында 571,6 мың көпбалалы отбасына жалпы сомасы 38,1 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. Оған сәйкес, биыл 4 баласы бар отбасыларға 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге, 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге, 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге, 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге, 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7 пайызға артты. Сәйкесінше, биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.