МЕКТЕПТЕРДІ ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТАДЫ

Елімізде білім саласындағы түйткілдерді тарқатуға баса назар аударылып жатыр. Оның ішінде оқу процесіне қажет инфрақұрылыммен қамту ісіне айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орта білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықтағы және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл интернетпен қамту 65 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылады.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бұл шара оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. «Мектептерде жоғары жылдамдықы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жоғары жылдамдықтағы интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді» деп атап өтті цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.
Айта кетейік, министрлік қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғайдағы тұрғыны аз аудандарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты түрлі шараларды жоспарлауда. Осыған дейін министрлік 5 425 мектептің жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылғанын хабарлаған болатын. Демек алдағы уақытта жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.