ЖАҺАН ЕЛДЕРІ МЕКТЕПТЕ СМАРТФОН ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛА БАСТАДЫ
Бұған дейін адамзат баласы техника мен технологияны өнертабыс жетістігі ретінде бағалап келді. Әйткенмен уақыт өткен сайын оның салдары мен нәтижесі өзгеріп келеді. Мәселен, смартфонның балаларға пайдасынан зияны көп. Сондықтан бірқатар елдер оған тыйым салу бастамасын көтеріп отыр. Ол қатарда Ұлыбритания да бар. Соңғы деректерге сүйенсек, аталған елдегі жаңа ережелерге сәйкес тәртіпке бағынбағандардың смартфондары тәркіленеді. Білім министрінің пікірінше, оқушылар енді сабақ кезінде гаджеттерге алаңдамайды және тәртібі мен мінез-құлқы жақсарады.
Тарқата баяндасақ, білім министрлігі Англия мектептерінде ұялы телефон ұстауға тосқауыл қойды. Бірақ тыйымның заңнамалық сипаты жоқ. Директорларға тек арнайы нұсқаулық жіберілді. Смартфондарды үйде қалдыру немесе уақытша бір жерге қоя тұру керек екенін мектептердің өздері шешеді. «Мен — қазақпын. Ата-анам Лондонда уақытша жұмыс істеп жатыр. Біз мектепте осындай қалталарға телефонымызды саламыз. Ол құлыптанады. Тек қана апайымыз сабақтан кейін ашып береді» дейді Элизабет Гаррет Андерсон атындағы мектептің оқушысы.
Онлайн платформаларды бақылаумен айналысатын «Ofcom» компаниясының мәліметтерінше, 12 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызында смартфон бар. Бұл оқушының ойын бөліп қана қоймай, кибербуллингке ұшыратып, әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін. Білім министрі мектеп директорларымен кеңесіп, мәселеге нүкте қойды. «Балалар мектепке оқуға, достық қарым-қатынас орнатуға барады. Адамдармен араласуды үйренеді. Олар үнемі ұялы телефонда отырмауы керек. Хабарлама жіберіп, хат алмасудың орнына қатарластарымен әңгімелессін» дейді Ұлыбританияның Білім министрі Джиллиан Киган.
Сондай-ақ зиянды контенттің балаларға қолжетімді болғаны көпшілікті алаңдатады. Марқұм Брианнаның анасы Эстер Джай технологиялық компанияларды жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салуға шақырды. Оның қызы кибербуллингтің құрбаны болған. Саябақта құрдастары Брианнаны пышақтап тастаған. Қылмыскерлер аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 20 жылға сотталды. «Мен технологиялық компанияларды өскелең ұрпақтың жағдайын ойлап, болашағына аса жауапкершілікпен қарауға шақырар едім. Олардан 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тосқауыл қоятын ұялы телефондар шығаруды сұраймын. Менің қызымды о дүниелік еткендер қылмысқа бармас бұрын зорлық-зомбылық жасауды дәл сол жерде үйренген» дейді қайтыс болған жасөспірімнің анасы Эстер Джай.
13 беттен тұратын нұсқаулықта мектеп мұғалімдеріне де смартфон ұстауға тосқауыл қойылған. Егер жұмысына аса қажет болмаса пайдаланбайды. Ата-аналар оқушылармен тікелей телефон арқылы емес, мектеп кеңсесі арқылы байланысуы керек. Қоғам белсенділері бұл бастаманың берері аз деп есептейді. Ұлыбританияда смартфонға оқудан тыс уақытта да толық тыйым салынған мектептер бар. Мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың айтуынша, бұл — өте тиімді әдіс. Ал сарапшылар телефонның қауіпсіздіктің кепілі бола бермейтінін, керісінше, интернеттегі зиянды контентке жол ашып, әлеуметтік теңсіздікке алып келетінін айтады.