КӨЛІК ЭКСПОРТЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫ ЕЛ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Әлемдегі ең ауқымды саланың бірі – көлік индустриясы. Жыл сайын миллиондаған көлік құрастырылады. Бұл саланы қарыштап дамытқан елдер шетке шығарып, қыруар пайда да табады. Бұған дейін автокөлік өндірісі турасында сөз қозғалса, әуелгілерден болып ойымызға Жапония оралатын еді. Өйткені көлік экспорты бойынша бірнеше жылдан бері көшбасшылықты ешкімге бермей келе жатқан. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Бәсеке бар жерде көшбасшылар өзгеріп отырады. Әңгімемізді әріден бастайық…

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы Қытайдың автомобиль экспорты тұңғыш рет Жапонияны басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Бұл туралы Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы мәлім етті. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 31 қаңтарда Жапонияның автомобиль өндірушілері қауымдастығы 2023 жылы жапондық автомобиль экспорты туралы деректерді жариялаған. Атап айтқанда, 2023 жылы жапондық автомобиль экспорты 4,42 миллион көліктен асқан.
«Жэньминь жибао» материалында «Бұған дейін Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының деректері Қытайдың автокөлік экспорты 2023 жылы 4,91 миллион дана болғанын көрсеткен. Бұл Қытайдың автокөлік экспортында алғаш рет Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автокөлік экспорттаушы болды дегенді білдіреді» делінген. Жаһандық көрсеткіштерге сүйенсек, көлік шығаратын зауыттар әр елдерде 4 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды.