ГЕРМАНИЯДА ЖАҢА ӘСКЕРИ ОДАҚ ҚҰРУ ҰСЫНЫСЫ АЙТЫЛА БАСТАДЫ

Соңғы бірнеше жыл көлемінде әлемдік саясатта сан түрлі өзгерістер орын алды. Жаһан жұртшылығының мазасы кетіп, әлемнің бір емес бірнеше жерінде соғыс өрті тұтанды. Әрине, қақтығыс болған жерде мүдделер тоғысып жатады. Сондықтан дауласқан қос тараптың арасындағы жанжал шұғыл шешіле салмайды. Ондаған жыл бойы екі блокқа бөлініп, «бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» принципі негізінде қаруланып келген Батыс пен Ресейдің арасы соңғы бірнеше жылда ушыға түсті. «Батыс» деп ат қойып, айдар таққан елдердің түбін қазсаң, АҚШ-тың шыға келетіні бесенеден белгілі. Енді бұл одақтан да маза кетіп бара жатқан сыңайлы. Тарқатайық…

Германияның ірі экономикалық орталықтарының бірі болып саналатын Гессен федералды аймағының басшысы Борис Райн Еуропаға АҚШ-тан тыс өзінің әскери одағын құруды ұсынды. Ол Ресейге тосқауыл қойып, «қорқыту» мақсатында ядролық арсеналды қолдануға болатындығын да атап өтті. «Жалпы қорғаныс үшін, Еуропалық ядролық қолшатыр ретінде, шекара қауіпсіздігі мен біздің маңызды инфрақұрылымымызды қорғау мақсатында қауіпсіздік жағынан күшті Еуропалық одақтың болғанын қалаймыз» дейді Борис Райн.
Оның айтуынша, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты өзі бұзбағанын айта келе, «керісінше Еуропа елдері Ресей Федерациясының мүддесін ескермеді» деп мәлімдеме жасаған. Путин сонымен қатар Ресей Федерациясы АҚШ-пен қарым-қатынас орнатуға дайын екенін айтты, алайда оның уақыты әлі келген жоқ. «Сондай-ақ Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Примаков оқулары» Халықаралық ғылыми-сараптамалық форумында Ресей Еуропаның экономикалық «төңкерістеріне» тәуелді болуды қалай тоқтатуды ойлануы керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Еуропамен қарым-қатынасты қалпына келтіру жолдары туралы ойлаудың қажеті жоқ» дейді Райн өз мәлімдемесінде.