ҚЫТАЙ ТАЛАНТТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛУҒА ДАЙЫН
Америка Құрама Штаттарына әлемнің түкпір-түкпірінен білікті кадрлар мен ғалымдар ағылады. Осының арқасында аталған елдің ғылымы қарыштап дамып, өнеркәсібі өркендеп келеді. Осы бір ұтымды саясатты сарапшылардың айтып келе жатқанына біраз болды. Енді өзге елдер де бұл қадамды қолдап, іс жүзінде жүзеге асыруға тырысып көрмек. Тарқатайық…
Қытай премьер-министрі саясатты оңтайландырып, кадр алмасуды жеңілдететінін айтып, шетелдік сарапшыларды Қытайдың дамуына тереңірек атсалысуға шақырды. Бұл туралы Қытай премьер-министрі Ли Цян Бейжіңде өткен форумға қатысып, шетелдік сарапшылармен кездесіп, олардың Қытайдың дамуы мен үкімет жұмысы туралы пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау кезінде айтты. Ли Цянның айтуынша шетелдік мамандар Қытайдың экономикалық және әлеуметтік дамуын ілгерілетуде және Қытай мен шет елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. «Қытайдың дамуы — ашық даму және ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген таланттарды құшақ жая қарсы алады. Шетелдік мамандар Қытайдың дамуына тереңірек атсалысып, Қытай үлгісіндегі модернизацияның үлкен сахнасында өз таланттарын толық көрсетеді деп үміттенеміз» деді Ли Цян.
Сонымен қатар ол Қытай да саясатты оңтайландырып, зияткерлік меншік құқығы мен басқа да құқықтарды қорғауды күшейтіп, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген таланттардың Қытайда жұмыс істеп, өмір сүруіне жақсы жағдай жасайтынын айтты.