ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МӘСЕЛЕМЕН ЖҮГІНГЕН ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков күні бүгінге дейін қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерді аралап, өзекті мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп келеді. Бұл ғана емес, түйткілді түйіні бар тұрғындармен жүздесіп, жанайқайларына да құлақ асуда. Мәселен, жуырда қала әкімінің кезекті жеке қабылдауы өтті.
Аталған жиында шаһар басшысы 40-тан аса азаматтың түрлі салаға қатысты өтініштерін қарастырды. Сондай-ақ прокуратура, полиция өкілдері, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдап, шешімдерін пысықтады. Жеке қабылдауға келген тұрғындар жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жіті тыңдап, заң шеңберінде, шұғыл түрде шешім қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, туындаған мәселелерді шешуде азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын ескеруді тапсырды.
«Уақыт».