ҚАЗАҚСТАН ОРТАША АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫ БОЙЫНША 61-ОРЫНҒА ЖАЙҒАСТЫ
сарапшылар есебіндегі еліміздің көрсеткіштері қандай?
Елімізде орташа айлық жалақының мөлшеріне қатысты пікірталастың жиі болып тұратыны белгілі. Бірқатар азаматтар оның мөлшері көп екенін айтса, енді бірі мұндай жалақымен жақсы өмір сүруге болатынын алға тартады. Қанша десек те, ресми статистиканың мұндай пікірлерге қарай өзгере қоймасы анық. Қош делік, кей азаматтардың түсіне де кірмейтін орташа айлықтың мөлшері өзге елдермен салыстырғанда шынымен де жоғары ма? Әлде жиі теңселетін теңгемен есептегенде көптей көрінетін жалақы долларға шаққанда мардымсыз болып қала ма? Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Биыл жыл басында Қазақстан орташа айлық жалақы бойынша 61-орынға шықты. Қаңтар айында біздің елде салықтан кейінгі «таза» жалақы «Numbeo» сарапшыларының бағалауынша, 585 АҚШ долларын немесе 262,8 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш еліміздегі 350,5 мың теңгені құрайтын орташа атаулы жалақы бойынша ҚР Ұлттық статистикалық бюросының соңғы деректерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бірақ 230,9 мың теңге деп есептелетін ресми орташа жалақыға жақын. Сондықтан «Numbeo» деректері шындыққа саяды. Бұл туралы «Finprom.kz» зерттеуінде көрсетілген.
Жұмыс істейтін адамдар жалдамалы жұмыстан ең жоғары табыс алатын бес елде сома мыңдаған долларға жетеді. Мысалы, Швейцарияда салықты төлегеннен кейінгі орташа жалақы 6,6 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл біздегі көрсеткіштен 11,3 есе көп. Теңгеге аударғанда бұл — айына 2,9 млн теңге. Ендеше екі елдегі жағдайды саралап қарайық. Әрине, ауқымды айырмашылықтар бар. Швейцарияның өмір сүру сапасының индексі жоғары елдердің қатарында, ал Қазақстан бұл рейтингте Нигерияға жақынырақ. «Numbeo» сарапшылары бұл көрсеткішті өмір сүру құнын, қауіпсіздік деңгейін, денсаулық сақтауды, экологияны және тұрғын үйдің қолжетімділігін ескере отырып, жалпы бағалау ретінде қарастырады. Швейцария бұл рейтингте 185,8 индексімен алтыншы орында тұр. Қазақстан небәрі 96,5 балл жинап, 84 елдің ішінде 73-орынға жайғасқан. Бұл деректер 2023 жылдың ортасында белгілі болды.
Қазақстан көптеген параметрлер бойынша Швейцариядан артта қалып келеді. Бізге ортақ бірден-бір нәрсе — азаматтар үшін баспананың құны мен қолжетімділігі. Егер Швейцарияда жылжымайтын мүлік құнының үй шаруашылығының табысына қатынасы 11 болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш — 10,9. Көрсеткіш орташа табысы бар азаматтың ауданы 90 шаршы метрді құрайтын пәтерді сатып алу үшін қанша жыл жинақтау керектігін көрсетеді. Айлықтары жоғары болғанымен, швейцариялықтарға өз үйін сатып алу қазақтар сияқты қиынға соғады. Мойындау керек, бұл елдегі ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі қазақстандықтардың түсіне де кірмейді. Нақтырағы, 20 жылға тұрғын үй несиесін алғанда небәрі 2,5 пайыздық мөлшерлеме қойылады. Осындай жақсы шарттармен кез келген швейцариялық отбасы несиеге пәтер сатып ала алмайды. Швейцария халқының 38,2 пайызы ғана жеке баспанаға ие. Мұның бәрі құнына байланысты. Швейцария қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 17,2 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл Қазақстанмен салыстырғанда 12 есе көп. Біздің елде шаршы метр 1,4 мың АҚШ долларына бағаланады, бұл да — көптеген отбасылар үшін қолжетімсіз баға.
Швейцариялықтардың көпшілігі тұрғын үйді жалға алады, бұл да көп ақшаны қажет етеді. Цюрихте немесе Женевада бір бөлмелі пәтерді жалдау үшін тұрғындар айына 2200 АҚШ долларын жұмсайды. Біздің елде орташа бағалар, «Numbeo» деректеріне қарағанда, аса жоғары емес. Айына — небәрі 552 АҚШ доллары. Жылжымайтын мүлік агрегаторлары өте қымбат, бірақ еуропалық стандарттар бойынша шағын болса да, Алматыда айына 500–600 мың теңгеге пәтерлерді жалға алуға болады. Қазақстан мен Швейцарияда балабақша қызметтерінің бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді. Еуропалық елде мектепке дейінгі мекемеде баланы тәрбиелеу мен күту үшін ай сайынғы төлем 2,8 мың АҚШ долларынан асады. Ал Қазақстанда, кем дегенде, теориялық тұрғыдан алғанда, мемлекет негізгі шығындарды көтереді, ал ата-аналар тек тамақ үшін төлейді.
Осы салыстырмалы деректерге сүйене отырып, мұндай жоғары бағалармен швейцариялықтардың бүкіл жалақысын үлкен тұтынушылық шығындар «жеп қояды» деген қате тұжырым жасауға болады. Бірақ бұл олай емес. Аталған еуропалық елде жалақының жоғары болғаны сонша, азық-түлік, киім-кешек және бензин бағасын төлеу қиын емес. Бір жыл бұрын «Рейтинг» әмбебап агенттігінің сарапшылары әлемнің 39 еліндегі азық-түлік құнының үлесін салыстырып, Қазақстан бұл тізімде соңғы орында деген қорытындыға келген. Тарқатсақ, қазақ отбасылары ай сайынғы табысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Швейцарияда отбасылық бюджеттің 12,8 пайызы ғана тамаққа кетеді.
Қорыта айтқанда, қит етсе, батыстың заңы мен талабын қазаққа таңып, айды аспанға шығаратын шенеуніктердің жалақыға келгенде жақ ашпауының бір себебі айқын болып отыр. Қанша десек те, батыс қоғамындағы әрбір азамат айлығын ас-ауқатқа жұмсап, қалғанына несие жауып отырған жоқ деген ойдамыз. Қарын тоқ, көйлек көк болса, қазақ қоғамы да айыппұлдан қашып, несиені төлемей жүрмесі анық қой!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.