БЫЛТЫР 15 МЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕТЕЛ АСТЫ

Жыл сайын Қазақстанға мыңдаған адам көшіп келсе, енді біраз тұрғын шекара асып, шетке кетеді. Дегенмен елімізде шетелден көшіп келудің оң динамикасы байқалып отыр. Өткен жылы елімізге 23 мың адам көшіп келді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев мәлім етті.

Оның айтуынша, елімізге табан тіреген азаматтардың дені ТМД елдері мен Қытайдан келген. Бұдан бөлек, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айы аралығында 733 мың отандасымыз ел ішінде көшіп қонды. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келіп отыр.
Осы тұста бірнеше маңызды мәселе ойымызға оралады. Біріншіден, ұлттың санымен қатар, сапалық көрсеткіші де айрықша маңызға ие. Тарқатар болсақ, елге келген азаматтар мен шетке кеткен қазақстандықтардың қай саланың маманы екені көп жағдайда айтыла бермейді. Мұның маңызы жоғары. Шетке кімдерді жіберіп жатырмыз? Ал егер ғалымдар мен инженерлер, білікті дәрігерлер мен ұстаздарды елде ұстап тұра алмасақ, халықтың сапалық көрсеткішін қамтамасыз ету қиын-ақ. Екіншіден, елімізде әлі де ірі қалаларға шоғырлану процесі тоқтамай келеді. Мұның өзі ауқымды мәселеге айналып отырғаны белгілі. Өйткені халықтың шамадан тыс көбеюі баспана тапшылығын, жұмыссыздық мәселесін өршітіп жібереді. Ал жұмыс күші жоқ, еңбек нарығы бос өңірлерге көшуге қазақстандықтар құлықты емес. Себебі бұл бастаманың да шикіліктері жетерлік. Ішкі және сыртқы көші-қонды реттемесек, бірнеше жыл өткенде жоғарыда атап өткен ауқымды мәселелермен шындап күресуге тура келетін тәрізді…

Ж.БАЛАУСА.