ҚЫТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
Бүгінде демография әлем елдерінің дамуында айрықша рөл атқарады. Халқы көп елдің нарығы да үлкен. Сондықтан көптеген елдер аталған салаға айрықша назар аударып, әлеуметтік тұрғыда біршама қолдау көрсетіп келе жатқаны белгілі. Өз кезегінде, халықтың шамадан тыс көп болуы ауқымды мәселеге айналып отырған елдер де жоқ емес. Бұдан біраз жыл бұрын Қытай үкіметі осындай мәселеге тап болған еді. Міне, сонда түрлі заңдар қабылдап, халықтың көбеюін бақылауда ұстауды мақсат еткені бар. Енді бұл әдіс өзекті мәселеге ұрындырып отыр. Тарқатайық…
Қытай тұрғындарының саны 2023 жылы 2 млн адамға қысқарды. ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасы жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы Қытай тұрғындарының саны 1 млрд 409 млн адамды құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,08 млн-ға аз. Атап өтілгендей, халық саны екінші жыл қатарынан азайып келеді. Осылайша, 2022 жылы Қытайдағы халық саны 1960 жылы елде болған құрғақшылық пен аштықтан кейін алғаш рет қысқарған. 2023 жылы Қытайда 9,56 млн бала туылып, 11,1 млн адам қайтыс болды. Елде бала туу көрсеткіші 1949 жылы халық санағы жүргізілгеннен бері ең төмен деңгейге түскен. 2022 жылы Қытайда туу көрсеткіші бір мың адамға шаққанда 6,77-ге дейін түсті.
Айта кету керек, соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы әлемдегі ең халқы көп ел ретінде Қытай өз позициясын жоғалтты. Қазір Үндістан көшбасшы саналады. Бұл ғана емес, аталған ел халқының өсуі жалғасады және 2050 жылға қарай 1,6 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Бұл кезде Қытай халқы шамамен 1,3 миллиардқа дейін азаяды деп болжанып отыр.