ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІДЕН КЕЛЕР ҚАУІП ҰЛЫБРИТАНИЯ БИЛІГІН АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Британияда да жылдың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері ықпал етеді деген қауіп бар. Бұған дейін де жоғары лауазымды саясаткерлер дипфейктің құрбаны болып үлгергені белгілі болып отыр.

Мәселен, оппозициялық Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармердің әріптестеріне дауыс көтеріп, бейәдеп сөздер айтып жатқан даусы әлеуметтік желілерде тарады. Кейін бұл — жасанды интеллектің күшімен жасалған жалған аудиожазба екендігі мәлім болды. Одан кейін Лондон мэрі Садик Ханның Палестинаны қолдаушылардың шеруіне байланысты Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу шарасын кейінге қалдыру туралы дауысы жарияланды. Ол да қасақана таралған жалған ақпарат болып шықты.
Полиция аудиожазбаларды зерттеп, «қылмыстық құқық бұзушылық емес» деген қорытындыға келді. Сарапшылар дипфейктермен күрес жүргізілмесе, демократияға қауіп төнеді деп есептейді. «Технологияларды технологиямен жеңуге болады. Дипфейктерді анықтау механизмдері жетілдірілуде. Мысалы, «Интел» компаниясы терінің астындағы қан айналымын зерттеу арқылы жалған видеоларды табатын технология ойлап тапты. Бірақ олар жетілдірілген сайын жасанды интеллект те тез дамып келеді және бұрынғыдан да сапалы контент ұсынып жатыр. Әсіресе, аудиожазбаның рас-өтірігін әшкерелеу қиынға түсуде. Меніңше, орта мерзімді келешекте осы саланы реттейтін арнайы заң қабылданады» дейді «Century tech» компаниясының бас директоры Прия Лакхани.