ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ КОМПАНИЯ ТУРАСЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?
Бүгінде әлемде байлығы миллиардтармен есептелетін алпауыт компаниялар көп. Уақыт өткен сайын байлығы асып, мерейі тасып отырған бұл компаниялар арасында бәсеке жоғары. Жыл сайын олардың рейтингі шығатыны тағы белгілі. Осы орайда, жуырда аталған алпауыт компаниялардың байлығы турасында тағы да толыққанды дерек шықты. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында толығырақ тарқатуды жөн санап отырмыз…
Әлемге белгілі «Microsoft» корпорациясы байлығы жөнінен жария компаниялар арасында «Apple»-ді басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Бұл туралы «Тrend.az» хабарлады. «Microsoft»-тың капиталдандыруы 2,89 триллион долларға жетіп, «Apple»-дің 2,87 триллион долларынан асып түсті. 12 қаңтарда «Microsoft» акциялары 1%-ға қымбаттап, 388,47 долларды құрады, «Apple» акциялары 0,2%-ға қымбаттады. Бұл 2021 жылдың қарашасынан бері «Microsoft» корпорациясының «Apple»-ді құндылығы бойынша бірінші рет басып озуы.
Сарапшылар «Microsoft» корпорациясының қаржылық жетістігі жасанды интеллект (AI) стратегиясының айқынырақ болуымен байланысты екенін айтты. «Apple» акциялары 2023 жылдың желтоқсанында iPhone 15 сатылымының төмендеуіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты, сондай-ақ Қытай билігінің «Apple» смартфондарын мемлекеттік қызметкерлерге пайдалануға тыйым салу туралы шешіміне байланысты төмендей бастады. Бұл факторлар «Apple»-дің 2024 жылдың басынан бері нарықтық капиталдандырудан шамамен 162 миллиард доллар жоғалтуына әкелді.