АЛА ШАПАНДЫ АҒАЙЫН ЗИЯНДЫ ТАҒАМДАРДЫҢ ЖАРНАМАСЫНА ШЕКТЕУ ЕНГІЗЕДІ
Бүгінде жаһан жұртшылығы фаст-фуд пен энергетикалық сусындарды жиі тұтынады. Дегенмен ғалымдар мен ақ халаттылар аталған тағам түрлерінің зиянын айтып, дабыл қағып келе жатқанына біраз болды. Өйткені фаст-фуд пен энергетикалық сусындардың адам ағзасына тигізер зияны орасан. Осыны білсек те, елімізде көгілдір экран арқылы аталған тауар түрлерінің жарнамасының жер жарып жатқаны жасырын емес. Ал кей елдер бұл мәселемен күресуге шындап кірісуде. Тарқатайық…
Өзбекстан үкіметі балаларға арналған фастфуд пен энергетикалық сусындарды жарнамалауға шектеу қоймақ. Сондай-ақ мектеп пен балабақша асханаларында тұтынуға болмайтын тағамдардың тізімі әзірленеді. Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы – 2030» ұлттық стратегиясының жобасын әзірледі. Құжатқа сай, өзбекстандықтар арасындағы семіздік дертін азайту жоспарланып отыр. «2030 жылдың соңына қарай семіздікке шалдыққан халықтың үлесін — 50%, ал балалар мен жастар арасындағы көрсеткішті 30%-ға қысқарту міндеті қойылып отыр» деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.
Бұл мақсатқа балабақша мен мектептерде дұрыс тамақтануды насихаттау арқылы қол жеткізу көзделген. Осылайша, білім беру мекемелерінде қолдануға ұсынылмайтын өнімдердің тізімі жасалады. Оларға қант, тұз, майлылығы жоғары тағамдар, сондай-ақ хош иістендіргіштер мен бояғыштар кіреді. Стратегияда жазылғандай, балаларға арналған зиянды тағамдарды, энергетикалық сусындарды, дәрі-дәрмектер мен диеталық қоспаларды жарнамалауға қосымша шектеу енгізіледі. Бұған қоса, балалардың жасына, дене бітіміне, өмір салтына, қандай да бір дертке бейімділігіне қарай дұрыс тамақтану, дене шынықтыру және гигиена бойынша ұсыныстар әзірленбек. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін жүргізіледі. Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстанда энергетикалық сусындарға акциздік салық енгізілетіні белгілі болған еді.