1 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАЛАДЫ?

Елімізде жолдың сапасына қатысты сын көп. Қыруар қаржы бөлінетінін былайғы жұрт білгенімен, нақты қанша қаражатқа құрылыс жүргізілетінінен көптің бейхабар екені тағы белгілі. Осы орайда, жуырда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ елімізде 1 шақырым жол салу үшін қанша қаражат жұмсалатынын мәлімдеді. Ендеше сандарға ойысайық…

Ондағы дерекке сүйенсек, қазіргі сметалық-нормативтік базаға сәйкес, халықаралық және республикалық маңызы бар І-б техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 4 жолағы бар) 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны орташа есеппен 1,5-2 млрд теңгені, ІІ техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 2 жолағы бар) 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны — орта есеппен1-1,2 млрд теңге. «ҚазАвтоЖол» ұсынған дерекке қарағанда, Еуропа елдерінде І техникалық санаттағы автожолдың 1 шақырымының құны 3,5 млрд теңгеден басталады. Нақтырағы, Польшада — 3,5 млрд теңге, Германияда — 3,8 млрд теңге, Австрияда — 5,5 млрд теңге. Бұл — Қазақстанда жұмсалатын қаржыдан 2 есе көп.
Таяу шетелдерде 1 шақырым жолдың құны 3 млрд теңгеден басталып, қымбаттай береді. Мәселен, Қытайда — 12 млрд теңге, Ресейде — 3 млрд теңге. «Сонымен қатар 1 шақырым жолдың құны жоба жүзеге асырылатын аумақтық жерге (мәселен, республиканың батыс өңірлерінде инертті материал жоқ болғандықтан, оны тасымалдауға тура келеді. Сондықтан жол құны да көтеріледі), жасанды құрылыстар санына, демалыс алаңдарына байланысты. Бұған қоса, автожолдың құн көрсеткіштері әлемдік экономикалық көрсеткіштерге орай материалдық ресурстардың қымбаттауы мен еңбек шығыстарына байланысты екендігін атап өткіміз келеді. Мәселен, инфляция жылдың әр жаңа тоқсанында өсіп отырады» делінген компания таратқан мәлімдемеде.