ТЕРІ ӨҢДЕУ ІСІ ТҰРАЛАП ТҰР
Елімізде жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғаны турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында тарқата жазған болатынбыз. Рас, өзекті мәселе аз емес. Бүгінде отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі де көңіл көншітпейді. Түйткілді түйіндер турасында да қаншама сын материал жарық көрді. Енді жуырда тері өңдеу саласына қатысты мәселелер Сенат мінберінен көтерілді. Тарқатайық…
Қазіргі кезде республикада қуаттылығы жылына 4 млн-ға дейін ірі қара малдың терісін өңдейтін 10-нан астам былғары кәсіпорны жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы сапалы, нәтиже жақсы деуге келмейді. Көпшілігі бірде істеп, бірде тұралап тұр, ал кейбірінде үнемі шикізат жетіспейді. Бұл турлы сенатор Жанболат Жөргенбаев тарқата айтты. Өз сөзінде «2023 жылдың қаңтар-қараша айларында отандық кәсіпорындар 220 мың ірі қара мал терісін қайта өңдеді. 2022 жылдың тоғыз айлық көрсеткішімен салыстырғанда өндіріс 55 пайызға төмендеді. Мұны мамандар үшінші елдер тарапынан былғары өнімдеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты болды деп отыр. Үкімет мал терісін кәдеге жарату мәселесіне 2014-2015 жылдардан бері ғана ішінара көңіл бөле бастады. Бірақ оның сипаты мал терісінің экспортын шектеу немесе шектеуді алып тастаумен ғана реттеледі» деді сенатор.
Депутат саланың негізгі проблемаларының қатарында шағын шаруа және фермер қожалықтарында өндірілген өнім сапасының төмендігі, шикізат сатып алуға айналым қаржысының болмауы, жабдықтардың тозу дәрежесінің жоғары болуы және шикізат дайындау жүйесінің кенже қалғанын атап өтті. Сенатордың пікірінше, былғары өндірісі мен жартылай биязы жүнді өңдейтін ірі кәсіпорындарды ашу мәселені шеше алады. «Біріншіден, теріден бұйым жасайтын өндіріс орындарына жабдықтар мен техниканы сатып алуға инвестициялық субсидия қарастыру керек.
Сондай-ақ малдың терісін өңдейтін өндіріске шикізат сатып алу үшін субсидия мен салық жеңілдіктері қаралуы тиіс. Әрбір өңірде тері және жүн жинаудың сервистік-дайындау орталықтарын құру мәселесі өткір тұр. Сонымен қатар малды есепке алудың жаңа цифрлық платформасын әзірлеу кезінде әкімшілендіру мен бақылауды күшейту тетіктері де ескерілуі тиіс» деді Жанболат Жөргенбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.