ЖАҢА БАСТАМА КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСТІҢ ЖОЛЫН КЕСЕДІ
Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығарады. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов айтты.
Өз сөзінде «Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылып жатады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобилді аударымды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі» деді спикер өз сөзінде. Сондай-ақ спикер жеке тұлғалардың бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай алатынын және бұған қатысты ешқандай шектеу болмайтындығын айтып өтті.
Айта кету керек, жеке кәсіпкер көрсетілген қызметтеріне қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуына болады. Тиісінше, жасалған төлемдер аталған банк шотына түсіп отырады. Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді – салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4% аралығында болып отыр.