ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІҢ ШИПАЖАЙЛАРҒА КЕЗЕККЕ ТҰРУЫ АВТОМАТТАНДЫРЫЛДЫ
Цифрлық жүйе қоғам өміріне дендеп еніп келеді. Бүгінде ел азаматтары аталған жүйенің игілігін көріп, қажет қызметті үйде отырып-ақ алатын болған. Сәйкесінше, еліміздегі қызмет көрсету саласы аталған жүйеге ауысып жатыр.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласында зейнеткерлердің шипажайларға кезекке тұруы бойынша жаңа қызмет іске қосылды. Қариялар енді санаторлы-курорттық ем қабылдауға «geo-shym.kz» порталы арқылы өтініш беріп, кезек ретін онлайн бақылай алады.
Өтінім білдіру үшін жеке электронды сандық қолтаңба кілтін пайдаланып, жүйеде тіркелу қажет. Қазіргі таңда кезекте тұрған 22 мыңнан астам азаматтың мәліметі базаға енгізілді. Зейнет жасындағы азаматтар кезекке тұру үшін бұған дейін қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына арнайы баратын еді. Тізім де басқармада сақталатын. Мәліметке сүйенсек, жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Кезек ретіне қарай олар шипажай жолдамаларымен қамтамасыз етілуде. Былтырдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды.
Жалпы қалада 89 926 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 1 950 тыл еңбеккері бар. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрсетіп жатыр. Өткен жылы қарттардың игілігі үшін сыйымдылығы 70 адамды құрайтын «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылды. Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито-бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка, кітапхана, мәжіліс залы, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген ем-шара бөлмелері қарастырылған.