ҮШ ДЕҢГЕЙЛІ ЖОЛАЙРЫҚТЫҢ БАРЛЫҚ БАҒЫТЫ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының тұрғындары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мұның өзі қаладағы көлік қозғалысына ауқымды әсер етуде. Кептеліс көбейген. Десе де жергілікті әкімдік тарапынан қолға алынған шаралар аз емес. Мәселен, қаладағы бірқатар көшелер кеңейтіліп жатыр. Айналма жол салынуда. Сонымен қатар ауқымды құрылыс саналатын жолайрықтар пайдалануға берілуде. Мұның өзі таңертең және кешке болатын қалың кептелістің мәселесін біршама шешуге ықпал етіп келеді.

Жуырда ғана Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы аяқталып, бүгінде барлық бағытта көлік қозғалысы ашылған. Сонымен қатар жол таңбалары сызылып, жаяу жүргіншілер өткелі жасалды. Жолайрықтың екінші деңгейінде тұрғындарға арналған арнайы гүлзар салынды. Шымкент қаласы автокөліктің өсімі жөнінен елімізде көш бастап тұрғандықтан, соңғы жылдары жол құрылысына басымдық берілді. Бұл жолайрық – мегаполисте кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасаудағы маңызды жоба. Жоспарға сәйкес, жолайрық үш деңгеймен салынды. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасқан.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырым болса, жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 %-ға жеткізу мақсаты тұр. Осы мақсатты жүзеге асыру бойынша қолға алынған Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Шымсити шағынауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықта, ұзындығы 2,2 шақырым бойынша жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс нысанында жұмыстар 85 пайызға орындалып отыр.