ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР КҮРДЕЛІ ОТАНЫ СӘТТІ ЖАСАП, НАУҚАСТЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынның ақ халаттыларға жүгінетіні белгілі. Соңғы уақытта әлемде орын алған оқиғалардан кейін дәрігерлерге деген құрмет артты. Жалпы медицина саласының қоғам өміріндегі маңызы даралана түсті.

Осы орайда, елімізде аталған салаға ауқымқы қолдау көрсетіліп, қыруар қаржы бөлініп келе жатқаны белгілі. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, қазіргі уақытта шымкенттік дәрігерлер күрделі оталарды сәтті жасап, көмек сұрап келген науқасты аяқтан тұрғызып жатыр. Бүгінгі материалымызды осы тақырып төңірегінде тарқатпақпыз…
Жуырда Шымкентте дәрігерлер жол апатынан ауыр жағдайға түскен жүкті әйелді аман алып қалды. Нақтырағы, ағымдағы жылдың 26 қарашасы күні №1 қалалық клиникалық ауруханаға жол апатынан 1995 жылғы жүкті әйел жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Ауыр жағдайда түскен науқасқа дәрігерлер шұғыл ота жасаған. Жол апаты салдарынан пациентте қосарланған жарақат, бас миының шайқалуы, көкірек қуысының қысылуы, қабырғалардың сынуы және көптеген сүйектердің сынуы анықталған.
Нәтижесінде ақ халаттылар науқасқа екі рет күрделі ота жасаған. Дәрігерлер операцияның бірінші кезеңінде жүкті әйелдің жамбас сүйектеріне, кейін оң жақ сан сүйегіне және балтыр сүйегіне хирургиялық жолмен бекітуші апаратты қойып берді. Барлық ота сәтті өтіп, дәрігерлер қауіптің алдын алды. Аса күрделі отаны №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-травматологы, академик Асхат Әбдімәуленов және Эльдар Смағұлов жасады. Бес күн жансақтау бөлімінде жатқан науқас жуырда палатаға ауыстырылды. Қазіргі уақытта жүкті әйелдің жағдайы қанағаттанарлық, өзін жақсы сезінеді. Барлық функционалды және қозғалыс қабілеттері қалпына келген.