БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Елімізде жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүріп келеді. Оның ішінде жыл басынан бері Шымкентте атқарылған жұмыстар шаш-етектен. Тарқатар болсақ, жұмыссыздықпен күрес мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Жастарға төмендетілген пайызбен несие беру арқылы кәсіп бастауына жағдайлар жасалды. Бұл ғана емес, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері де ұдайы өткізіліп келеді. Жуырда дәл осындай шара өтті. Толығырақ тарқатайық…

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті, Шымкент қаласының әкімдігі мен қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен Абай аудандық «Мансап» орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мемлекеттік қызмет саласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің басты мақсаты – мемлекеттік қызметке орналасудың жалпы тәртібін, мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша қағидаларын түсіндіру және өңірдегі бос орындармен таныстыру, жастарды мемлекеттік қызметке тарту.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 наурыз — 31 желтоқсаны аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, ҚР Сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметке іріктеудің уакытша қағидалары жұмыс істейді. Жәрмеңкеде қазіргі уақытта Шымкент қаласының 15 жергілікті атқарушы органында 29 вакансия бар екенін және оған қатысу үшін қажетті мамандықтар туралы азаматтарға түсіндіріліп, брошюралар таратылды. Жәрмеңкеге білім, медицина, сауда, қаржы және кәсіпкерлік сала өкілдері қатысты. Еңбек нарығында сұранысқа ие басқа да салалар бойынша 20-ға жуық жұмыс беруші мекемелер өз ваканцияларын ұсынды.
Осы тұста айта кету керек, «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – субсиядияланатын жұмыс орындары. Жұмысшылардың жалақысы мемлекет тарапынан ішінара немесе толықтай төленеді. Биыл Шымкент қаласында бұл бағытта 8428 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 292 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 2 566 адам жастар практикасы және 2 884 азамат ақылы қоғамдық жұмыстармен, 1 852 азамат «Алғашқы жұмыс орындарының жобасымен», 23 адам «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы және 811 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмыс орындарымен қамтылған. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыруда Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығына қарасты 5 аудандық «Мансап» орталықтары тұрғындармен етене жұмыс істеуде. Мамандар тұрғындармен кездесіп, үнемі бос жұмыс орындарымен таныстыру барысын жүргізуде. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда. «Мансап» орталықтарының басты міндеті жұмыссыздарды тіркеп, оларға жұмыс іздеуде және мансабын жоспарлауда көмек беру болып есептеледі.