ЖАСТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласында бірнеше жоғары және орта арнаулы оқу орны бар. Сәйкесінше, еліміздің түкпір-түкпірінен үшінші мегаполиске ағылатын студенттердің де саны көп. Осы орайда, жастар арасындағы мәселелердің барын да ұмытпағанымыз абзал. Ал Шымкентті қауіпсіз қала етудің бірден бір жолы – түйткілді түйіндерді шешу. Жуырда осы және өзге де мәселелер талқыланды. Тарқатайық…
Осы аптада өткен Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінің күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, жастар мен кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен азаматтардан түскен арыз-шағымдармен жұмыс жүргізу барысы талқыланды. Бүгінде қала аумағында 14-35 жас аралығында 381 796 жас бар. Бұл жалпы тұрғындардың 32 пайызын құрайды. Жастар мен кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайту мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесінде құқықбұзушылық және нашақорлықпен лудоманияның алдын алу бойынша мәселелер қаралып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, қаладағы жастар арасында құмар ойындардың зияндығын насихаттау үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен мектептен бастап алдын алу шаралары ұдайы жүргізілуде.
Қала әкімдігі мен Полиция департаменті қызметкерлері жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің алдын алу мақсатында жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен мектептерде профилактикалық жұмыстар ұйымдастырып отыр. Жиын соңында қала әкімі жауаптыларға Полиция департаментімен бірлесіп, жастар мен кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайту бойынша шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бұқара халықпен кері байланысты күшейту қажеттігін жеткізді. Сала басшысы мен аудан әкімдеріне қала аумағындағы жылу жүйелерінің жұмысын бақылауда ұстауды ескертті.