ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК КӨШБАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгінгідей әлемдік саясат сәт сайын құбылып тұрған уақытта ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың маңызы айрықша. Үй ішінен үй тігіп, бұқара арасына ірікті салатындар көбейсе, елдің тоз-тозы шығады. Мұны әлемдегі бірқатар елдердің ішкі жағдайы көрсетіп отыр. Сондықтан елімізде ұлтаралық бірлікті нығайту мақсатында көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында түрлі ұлт өкілдері шоғырланған өңірлерде жиындар өтіп жатыр.
Бұл ғана емес жуырда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшыларымен кездесті. Кездесу барысында этносаралық тұрақтылыққа сызат түсіретін жағымсыз жайттардың алдын алу мәселесі қаралды. Басқосуда Қазақстандағы өзбек этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И. Хашимжанов пен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Т.Нишанбаев өңірдегі бірлік пен татулықты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Одан әрі баяндама төңірегінде әңгіме өрбіп, бірлестік төрағалары алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Кездесу соңында басқарма басшысы өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшыларына ішкі тұрақтылық пен жастар арасындағы этносаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, жастармен жұмысты жандандыруға қатысты бірқатар нақты міндеттерді жүктеді.