ИНТЕРНЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Қазіргі уақытта қоғам көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Сәйкесінше, цифрлық жүйе қоғам өміріне дендеп еніп келе жатыр. Әрине, мұның шарапатын баршаның бірдей көруі үшін интернет сапасы жоғары болуы шарт. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көп. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында мобильді байланыс пен интернетпен қамту бағытында 3 компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар – «Kcell» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «МобайлТелекомСервис» ЖШС. Аты аталған компаниялар арқылы қала аумағына 1200-ден астам базалық станция орнатылған. Қала аумағындағы мобильді байланыс және интернет сапасын жақсарту мақсатында биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 5-G технологиясымен 126, 4-G технологиясымен 102 базалық станция орнатылып, 96 базалық станция модернизациядан өтті. Орнатылған базалық станциялардың қуаттылығының жетіспеушілігіне орай, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 46 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
Қала тұрғындарына интернеттің қолжетімділігін арттыру бойынша талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жүзеге асып келеді. Биыл қалада 20 елді мекенге осындай желіні тарту жоспары енгізілген. Бүгінде 16 елді мекенге желі тарту жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ пен Бозарық саяжайы, Нұршуақ, Бозарық шағынауданының жаңақұрылысы, Ынтымақ-1,2, Оңтүстік, Самал-1, Кіші Самал, 112 орам, Карл-Маркс, Тассай, Тараз, Шапағат, Асар-2 және Мирас шағынаудандары талшықты оптикалық желімен қамтылған. Қалған 4 елді мекенде желі тарту үшін қажетті құрал-жабдықтарды монтаждау жұмысы жүзеге асып жатыр.