«ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақы дәстүрде қыз баланың орны қашан да жоғары. Сондықтан да отбасында төрден орын беріп, айрықша құрмет көрсетеді. Десе де соңғы кездері әлеумет арасында нәзік жандыларға көрсетілер қысымның көптігі турасында жиі айтылып, жазылып жатыр. Заман қанша өзгергенімен, ұлттың болмысына сіңген құндылықтар өзгермеуі тиіс. Осы орайда, жуырда үшінші мегаполисте айтулы шара өтті. Тарқатайық…

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында «Қыз тағдыры — ел тағдыры» тақырыбында кездесу өтті. Шараның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Кездесуге Шымкент қалалық әйелдер кеңесі төрайымы Баян Айтбекқызы, Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гульвира Төлепбергенқызы, «Ана үйі» қоғамдық қоры-ресурстық орталығының үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы, Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Гүлсина Рахымбайқызы, PhD докторы, гештальт-терапевт, тәжірибелі психолог Салтанат Сайлауқызы, Әкім жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат комиссия мүшелері, қалалық прокуратура, «AMANAT» партиясы, қалалық мәслихат депутаттары, ұлттық комиссия мүшесі мен әйелдер кеңесінің төрайымы, Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы, Білім басқармасы, Еңбек мобильді орталығы мен Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және қала жастары қатысты.
Жиын барысында қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан зорлық-зомбылық фактілері сөз етіліп, заң аясында қандай әкімшілік жауапкершілік қаралғандығы жөнінде айтылды.