ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ САЛАСЫ БАСТЫ БАҚЫЛАУДА
Елімізде еңбек адамын қоғамға насихаттау ісіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Ол үшін еңбек заңнамасы толықтай сақталуы қажет. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен, ағымдағы жылы үшінші мегаполисте еңбек инспекторларымен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша жеке және заңды тұлғалардың 1360 арыз-шағымдары қаралып, нәтижесінде 277 тексеру жүргізіліп, 538 бұзушылық анықталды. Анықталған бұзушылықтардың 491-і жойылып, заңға сәйкестендірілді. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Бауыржан Қалжанов айтты.
Спикердің айтуынша, анықталған бұзушылықтар бойынша 162 нұсқама беріліп, жалпы құны 14,3 млн теңгені құрайтын 127 айыппұл салынды. Оның ішінде 9,5 млн теңге көлеміндегі 112 айыппұл өндірілді. Есепті кезеңде 60 кәсіпорындағы 978 жұмыскердің 460,3 млн теңге жалақы қарыздары төленді. Қазіргі уақытта, Шымкент қаласындағы кәсіпорындарда жалақы қарызы жоқ. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 20 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жобаларды енгізді. Конституциямызға сәйкес, әркімнің қауіпсіздік талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы бар. Еңбек қауіпсіздігі дегеніміздің өзі — еңбек процесінде жұмыскерлерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген болатын.
Бүгінгі күнге Шымкенттің 18 кәсіпорны жобаны енгізді. Сонымен қатар «Тік бақылау» жобасы 12 кәсіпорында бастау алды. Бұған дейін, нақтырағы, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаладағы 71 кәсіпорын қосылды.
Атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Үшінші мегаполистегі кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге қаламыздағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 2 112 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ қаламыздағы 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Өңіріміздегі 5 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылды. Айта кететін жаңалықтардың бірі, ел бойынша еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақаттануды төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек Тұжырымдамасының қабылдануын жеделдетуге тапсырма берді. Қазіргі уақытта Тұжырымдама жобасы әзірленіп, оны іске асырудың жол картасы бекітіліп, түрлі деңгейде талқыланып келеді.