«Сұлтандар» сайыста бақ сынады
Өткен аптада Шымкенттегі «Жас дарын-3» бастауыш мектебінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып оқушылары арасында «жігіт сұлтаны» байқауы өткен болатын. Өскелең ұрпақтың бойына қазақтың салт-дәстүрін, тарихын сіңіріп, тәрбие мен білімді ұштастыру мақсатында қолға алынған мәдени шарада 2,3,4 сыныптардан 17 жігіт бақ сынады.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. «Тегімді менің сұрасаң…» атты алғашқы кезеңде үміткерлер өзін қазақтың қара өлеңімен таныстырса, «Көңілі ояу, көзі ашық» кезеңінде қазақтың салт-дәстүрі мен тарихына қатысты танымдық сұрақтарға жауап берді. Ал «Кім мерген?» сайысында жігіттер асық атудағы ептілігін көрсетсе, «Өз өнері» кезеңінде сегіз қырлы, бір сырлы жігіттеріміз бойындағы дарынын паш етті.
Байқауда барлық сыннан сүрінбей өтіп, оқ бойы озық шыққан 2 «а» сыныбының оқушысы Алинұр Бахаубеден бас жүлде иегері атанып, жігіт сұлтаны атанды. Жалпы өскелең ұрпақтың бойынша отаншылдық рухын оятып, бәсі биік бәсекеде мерейі үстем болуына ықпал ететін мұндай шаралардың маңызы зор.