ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Тұтынушы құқығын қорғау мәселесі – маңызды әлеуметтік түйткілдердің қатарына жатады. Өз кезегінде, аталған салада қолға алынып жатқан шаралар да аз емес. Талапқа томпақ келетін әрекетке барғандар заң алдында жауап береді. Осы және өзге де түйткілдер мен атқарылған жұмыстар турасында Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Оспан Әбиев баяндап берді.
Спикердің айтуынша, тұтынушы құқығының бұзылуының басты себебі – сатушылардың, бизнесмендердің, өндірушілердің заңсыз әрекеттері. Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда тұтынушы кәсіпкерге наразылық жаза алады, осылай екі жақ келісімге келе алады. Егер екі тарап бір шешімге келе алмаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаментке және сотқа жүгіне алады. Осы ретте, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар, ұялы телефондар, шұлықтар, өсімдіктер, жануарлар, өлшеніп сатылатын тауарлар тұтынушылар қайтара алмайтын тауарлар болып есептеледі. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 30-бабына сәйкес, 14 күннің ішінде тұтынушалар тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге құқылы. Киімнің немесе заттың түсі ұнамай қалса, айырбастай алады. Бірақ бірнеше талап ескерілуі қажет. Яғни тауар бүлінбеуі, этикеткасы жұлынбауы және тауарды сатып алғаны туралы құжат, чек, дәлел болуы міндетті. Егер аталған талаптар болмаса, тауарды қайтару екіталай.
Тауарды қайтару үшін ең алдымен заттың сол жерден сатып алғаны дәлелденуі қажет. Ол үшін чек немесе келісімшарт болуы тиіс. Ал ол екі құжат болмаған жағдайда фото, видео, куәгерлер сатып алуды растай алу қажет. Чек берілмеген жағдайда салық комитетіне шағым түсіруге болады.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қазан айында ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» тұжырымдамасын іске асыруды ұсынған болатын. Қазіргі таңда ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша осы бағыттағы қоғамдық бастамалар іске асырылуда. Тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар жыл сайын өсуде. Шымкент қаласының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2023 жылдың 10 айында түскен өтініштердің жалпы саны 2376-ны құрап отыр. Оның 1631-інің өтініші қанағаттандырылса, 614 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, 88 өтініш қайта бағытталды. 21-ін өтініш иесі қайтарып алса, қалған 18 өтініш қазіргі таңда қаралуда. Қаралған өтініштер негізінде тұтынушыларға 126 млн теңге сомасында ақшалай қаражат қайтарылды. Салыстырмалы түрде 2022 жылдың 10 айында 1911 өтініш келген. Аталған көрсеткіштер халықтың құқықтық деңгейінің артуын көрсетсе, екінші жағынан жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді дейді маман.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі жаңа редакцияда заң жобасын әзірлеуде. Заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды осы салада жұмысты үйлестіретін омбудсмен енгізу арқылы қоғамдық институттардың функционалдығын арттыру ұсынылады. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне ішкі нарықтың қоғамдық мониторингі шеңберінде тауарлардың үлгілерін іріктеу және көрсетілетін қызметтерді сатып алу құқығына ие болады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттары белгілі бір мәселе бойынша жиналған топтың құқығын қорғауға жол ашады. Осы шаралар іске асырылғанда тұтынушылардың құқықтарын қорғауда үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге мүмкіндік туады.
Орынтай Сейдалиев атындағы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы Айжан Сейдалиеваның мәліметінше, қазіргі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа Заң жобасы әзірленуде. Қоғамдық бірлестікке келіп түсетін арыз-шағымның басым бөлігі, атап айтқанда, жиһаз, авто-салон, шаштараз және өзге де арыз-шағымдар бойынша сот процесі ұзық жүргізіледі. Сол себепті бірлестік соттың шешімін қысқартуға ұсыныс берген. Тұтынушылар қоғамдық бірлестік арқылы сотқа беретін болса, мемлекеттік баж салығынан босатылады.
Айта кетейік, «Сапалы өнім» тұжырымдамасын іске асыру аясында Шымкент қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында және нормативтік бұзушылықтардағы құқықтар, жосықсыз бәсекелестікті анықтау үшін осы жылы қаламызда ситуциялық штаб құрылып отыр. Оның құрамында Шымкент қаласының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Техникалық реттеу және метрология департаменті және Қоғамдық бкрлестіктер бар.
Қазіргі таңда «О.Сейдалиев атындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын» қоғамдық бірлестіктің өндірісіңде келесі шағымдар қарастырылуда. Олар — жиһаз дүкендерге сапасыз тауар жөнінде Шымкент қаласы азаматтық істері жөнінде ауданаралық сотында қаралып жатыр, талап арыз сомасы — 405 000 теңге, шаштараз қызметіне шағым тараптар арасында қоғамдық бірлестікпен сауда және Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментімен бірлесіп келісім жасалды, автосалондағы қосымша қызметтер сатып алуға міндеттеу және сапасыз автокөлік сатып алу жөнінде талап арыз Алматы қаласы Жетісу аудандық сотында қаралып жатыр, талап арыз сомасы — 8 300 000 теңге, сақтандыру компаниясына шағым ҚР сақтандыру омбудсмен институтына арыз жіберілді, шағым сомасы — 11 000 000 теңге, құрылыс компаниясына уақытында үйді тапсырмағаны үшін шағым бойынша Шымкент қаласы азаматтық істері жөнінде ауданаралық сотында қаралып жатыр, талап арыз сомасы — 2 000 000 теңге. Ал кірпіш зауытына шағым қаралып сот шешімімен 2 700 000 теңге тұтынушы пайдасына өндірілді. Қорыта айтқанда, тұтынушы құқығын қорғау шаралары басты назарда. Мұнымен айналысып отырған ұйымдар да бар. Сондықтан талапқа томпақ келетін әрекетті аңғарған кез келген тұрғын құқығын қорғай алады.