АГРОСАЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ
Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл тақырып сөз болғанда, аграрлық саланы айналып өте алмаймыз. Сәйкесінше, еліміздің әрбір өңірінде аталған бағытта қыруар іс атқарылып жатыр. Шымкентте жүзеге асқан жұмыстар да аз емес. Бұл туралы жуырда Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров тарқата баяндады. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция көлемі туралы айтты.
Спикер өз сөзінде «Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін асыл тұқымды малдың үлес салмағын арттыру мақсатында өткен жылы қаланың 5 ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 15 семинар өткізілді. Семинар барысында ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстар жүргізілді. 2023 жылға мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында 1071,7 млн теңге қаржы бөлінген болса, оның ішінде жем-шөпке қаралған қаржы көлемі 209,4 млн теңгені құрайды» деп атап өтті. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану нәтижесінде 2023 жылы қала аумағына Еуропа елдерінен «Эгамназаров» ЖК 104 бас және «Бәйтерек» шаруа қожалығы 34 бас асылтұқымды сүтті-етті бағыттағы ірі қара мал сатып алды.
Сонымен қатар тауарлы жұмыртқа бағытындағы 3 және жаңадан құрылған 1 құс фермасында асыл тұқымды жұмыртқа бағытындағы 413 000 бас тәуліктік балапан сатып алынған. Осыған сәйкес, қала аумағында мал шаруашылығы өнімі артып, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айында шаруашылықтың барлық санаттарында өсім байқалған. Тарқата баяндасақ, сойылған мал мен құс еті 15,3 пайызға, сүт 15,1 пайызға, жұмыртқа 20,6 пайызға көбейген. Осылайша жалпы өнім көлемі 44,6 млрд теңгені құрап отыр.
Бұдан бөлек, салаға қаржы құюды мақсат еткен инвесторлар да бар. Осының арқасында 2023-2026 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жол карта аясында 61 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Толығырақ тарқатсақ, қайта өңдеу саласында 13, жылыжай кешені бойынша 8, жеміс-көкөніс қоймасын салу бойынша 8, тауарлы сүт фермасы бағытында 6, мал бордақылаудан 5, құс фабрикасы бойынша 2, қарқынды бау шаруашылығында 8, құрама жем өндіруден 2 жоба жүзеге асуы мүмкін. Нәтижесінде 1 435 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, 2023 жылы жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 11 жоба жүзеге асырылып, 111 жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған 5 жоба 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Аталған инвестициялық жобалар келесідей бағыттарды қамтамасыз етеді. Сүт тауарлы фермасы – 3 жоба, сүт өңдеу цехы – 3 жоба, жылыжай кешені – 2 жоба, жеміс-көкөніс қоймасы – 2 жоба, ірі қара мал бордақылау – 1 жоба, құс фабрикасы – 1 жоба, көкөністерді қайта өңдеу – 1 жоба. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорт үлесін арттыруға бағыттылған «Ақсай» шаруа қожалығы, «Отан агро» ЖШС, «Аймар құс» ЖШС жобалары бар.