МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ – КӘСІП АШУҒА ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК
Бүгінде кәсіп ашып, нәсібін көрем деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілер көмек көп. Оны тиімді пайдаланып, қабілетін кәсіпке айналдырып отырғандардың да қатары қалың. Мәселен, Шымкент қаласында биыл жастарға арналған несиеге өтініш берушілердің қарасы қалың болды. Бәсеке күшті. Осының өзі талапшыл жастардың саны көп екенін аңғартады.
Соңғы деректерге сүйенсек, үшінші мегаполисте жеке кәсібін ашып, бизнесін дамытқысы келетін жас кәсіпкерлерге арналған шағын несие қаражаты толық игеріліп бітуге таяу. Бүгінгі таңға 462 өтінім қаралып, 262 азамат комиссияның оң шешімін алды. Бұл туралы жеңілдетілген несие беру бойынша кезекті комиссия отырысында мәлім болды. Жобалары мақұлданған азаматтардың басым көпшілігі өз кәсіптерін ашып, табыс табуда. Жастарға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса, кепіл берушіні тартуға болады. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды.
Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Мүмкіндікті пайдалану үшін қажетті құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Ол Шымкент қаласындағы филиалы Қонаев даңғылы, 3/3 мекенжайы бойынша орналасқан.